Тарихта небір аласапыран замандар өтті. Оның кейбірін қауымдар, халықтар мен мемлекеттер бір-бірімен соғысып қолдан жасады. Енді біразы адам баласының еркінен тыс табиғи апаттар мен індеттер түрінде орын алды. Әр ғасырда айналып келіп отырған обаның адамзатқа қандай қайғы-қасірет әкелгеніне қарт тарих куә. Бірақ, адамзат өркениеті соның бәрінен аман-есен өтті. Адамзатты апаттардан алып өткен оның бойындағы күрескерлік рух пен сабыр-төзім, ақыл-парасат пен ғылым-білім, ынтымақ-бірлік пен ТӘРТІП дейтін құндылықтар. Демек, бұл жолы да короновирус пандемиясын осы құндылықтарға арқа сүйеу арқылы ғана жеңе аламыз.
Қазір короновирус індеті бүкіл әлемді шарпып барады. Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер экономикасы қуатты, ғылым-білімі мен медицинасы жетілген болғанына қарамастан індеттің таралуын бақылауда ұстай алмай қалды. Осы орайда Қазақстанда мемлекет короновирусқа қарсы уақтылы әрі мейлінше тиімді шаралар қабылдап жатқанын баса айту керек.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Оңтүстік – халқы тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз» деп, жергілікті атқарушы органдарға карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Бүгін біз оңтүстік өңірдегі ең ірі қала, басты орталық – Шымкент шаһарында Мемлекет басшысының аталған тапсырмасы қалай орындалып жатқанына шолу жасап көрмекпіз.
КАРАНТИН ДЕР КЕЗІНДЕ ЕНГІЗІЛДІ
Бүгінгі таңда жергілікті билікке қойылатын негізгі үш талап бар. Біріншіден, жан-жақты ойластырылған, ақылға қонымды әрі рационалды шешімдерді дер кезінде қабылдай білу. Екіншіден, сол шешімдерді жүзеге асыру барысында жедел әрекет ету, яғни, мобилділік. Үшіншісі, халықпен тиімді кері байланыс орнату. Бұл талаптар былайғы жаймашуақ кезде де маңызды. Ал, қазіргідей төтенше жағдай кезінде мұның маңызы еселеп артты. Біздіңше, Шымкент қаласының әкімдігі осы үш талаптың да үдесінен толықтай шығып отыр.
Бұған дәлел ретінде 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режимі енгізілгенін айтуға болады. Сол күндері Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандар саны саусақпен санарлық болатын. Бірақ, Шымкентте індеттің тез таралуына ықпал ететін жәйттер аз емес еді. Өйткені, Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Республиканың өзге өңірлеріне Шымкент арқылы күн сайын кемінде 200 мың транзитті жолаушы өтетін еді. Көлік пен жолаушылар ағыны мұндай көп кезде індеттің қалай тез тарап кетері белгілі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бастаған команда осы қатерді алдын ала болжай білді. Сондықтан, Шымкентке карантин режимін енгізіутуралы шешім азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғап, денсаулығын сақтау тұрғысынан дер кезінде қабылданған өте орынды шешім болды деп сеніммен айта аламыз.
БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЛАРЫ – ДӘРІГЕРЛЕР
Бүгінде короновирус инфекциясымен күрес бүкіл әлемде көзге көрінбейтін дұшпанмен арпалысқан қан майданға айналды. Өмір мен өлім таразыға түскен сол майданның алғы шебінде ақ халатты абзал жандар жүр. Әрине, науқастың өмірін сақтау үшін өз денсаулығын қатерге тігіп күні-түні тынбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелердің, басқа да медицина қызметкерлерінің қаһармандығы ешбір цифрмен, ешбір соммамен өлшеуге келмейді. Олар – нағыз бүгінгі күннің батырлары. Тұтас халықтың алғысына бөленген ақ халаттылардың еңбегінің толық өтеуін тек Жаратқан Иеміз ғана бере алады.
Десе де оларға әлеуметтік қолдау көрсету арқылы ризашылығымызды білдіру – парыз. Осыны ескерген ел Президенті коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Шымкент қаласында 1 290 медицина қызметкеріне үстемақы төленді.
Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 24 қызметкерге 8,7 млн теңге бөлінді. Екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшелерге, 845 медицина мамандарына 258,3 млн теңге бөлінді. Үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 421 медицина ұйымының қызметкеріне 51,3 млн теңге бөлінді.
Үстемақы алғандар реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем жүргізушілері.
ҚАЛАДА МҮЛГІГЕН ТЫНЫШТЫҚ
Ендігі мақсат – тұрғындардың карантин режимін бұлжытпай орындап, өзін-өзі оқшаулауына ықпал ету және қала ішіндегі қозғалысты барынша шектеу болатын. Міне, осы тұста жауапты органдар жедел, тиянақты әрі жинақы әрекет етудің тамаша үлгісін көрсете білді.
Ойланып қарасаңыз, төрт ауданнан тұратын, миллион халқы бар алып шаһардағы қайнаған тіршілік пен сабылысқан қозғалысты бір күнде шектеу оңай шаруа емес. Бұл жерде тек қана қатаң шаралар қолданып, полицияның күшіне ғана сүйенуге болмас еді. Қалада қозғалыс азайғанымен, тіршілікті қамтамасыз ететін қызметтер – халықты азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бастап, коммуналдық авариялық мекемелерге дейін жұмысын жалғастыра берді. Осының бәрін үйлестіру үшін қала әкімдігі санаулы күннің ішінде Полиция департаменті және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып «Сергек» қосымшасы арқылы жаңа өткізу жүйесін жасап шықты. Мұның артында басшылар мен жауапты мамандардың орасан зор еңбегі жатқанын айта кеткен жөн.
Жалпы, қазір Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камералармен қамтылған.
Ресми мәліметтерге қарағанда 18 блок-бекетте арнайы автокөлік құралдарымен жалпы 676 қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде 240 полиция қызметкері (18 арнайы автокөлік), 204 медицина қызметкері (18 жедел жәрдем көлік) және қарулы күштердің 232 сарбазы тәулік бойы 3 ауысымда қызмет атқаруда. Одан бөлек прокуратураның 18 қызметкері де жұмылдырылған.
Аталған блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 23 жайт орын алды. Ал, жалпы қала бойынша 640 хаттама толтырылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 476 бабымен (Төтенше жағдай режимiн бұзу) хаттама толтырылған. Айта кету керек, төтенше жағдай режимiн бұзу 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Ал, жалпы қала ішінде карантин режимін сақталуын 2 мыңға жуық қызметкер қадағалауда. Оның ішінде полиция қызметкерлері, Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан сарбаздары бар.
Коронавирус инфекциясының кең таралмауына және қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында 16 аумақ оқшауланды. Онда 163 полиция қызметкері жұмылдырылған. Медицина мамандары да тәулік бойы қызмет атқаруда. Ошақтарда дезинфекция жүргізіліп, эпидемияға қарсы үздіксіз іс-шаралар өткізілуде.
ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІН СЕРГІТУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Сәуір айының басында әлеуметтік желілерде Қазақстандағы ірі қала тұрғындарының көпқабатты үйлердің терезесінен хормен ән шырқағаны көрсетілген бейнероликтер таралды. Челлендж өз алдына, осы көрініске ойланып қарасаңыз, карантин кезінде азаматтардың мәдени-рухани демалысқа сусап отырғанын аңғарасыз. Осыны ескерген Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы 13-19 сәуір аралығында онлайн форматта жалпы 57 мәдени кеш өткізуді қолға алды.
Осы орайда қаланың мәдениет майталмандары күн сайын тікелей эфирде өнер көрсетуде. Онда түрлі спектакльдер мен тарихи қойылымдар және байқау, көрме сынды шаралар онлайн режимде ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ақындар айтысын да үйде отырып, қашықтықтан тамашалауға болады.
Мұның өзі мегаполистегі моралдық-психологиялық ахуалды жақсартып, қалыпты тіршілігінен қол үзіп, үйінен шыға алмай отырған тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсуде.
МҰҚТАЖ ЖАНДАР ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Елімізде төтенше жағдай орын алуына байланысты көптеген азаматтар табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болды. Осы күрделі кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға қол ұшын беру – мемлекеттің тікелей міндеті. Шымкент қаласында бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асуда. Атап айтқанда, Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан Шымкент қаласы бойынша 40 мыңнан астам тұрғынға ақшалай көмек беру жоспарланған. Бүгінгі таңға 21 864 шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған Шымкент қаласының 202 мың тұрғыныа 42 500 теңге төлем тағайындалған. 16 сәуір күнгі мәлімет бойынша 152 805 азаматтың есепшотына аталған соммада қаржы аударылған. Өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда.
АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА
Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен бірінші кезекте азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі жіті бақылауға алынды. Бұл мақсатқа қажетті қаржы бөлінді.
Мемлекет бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдік пен «Gramad Retail» ЖШС мен келісім түзілді. Қазіргі таңда аталмыш серіктестік өзінің 2 супермаркетінде азық-түлікті белгіленген бағада сатуда.
Өткен аптада «Gramad» супермаркетіне «Magnum» «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар. Оған қоса «Gramad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарда арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда.
Карантин кезінде азық-түлікпен қатар жеке сақтану құралдарына, атап айтқанда медициналық бетперделерге сұраныс еселеп артқаны белгілі. Осы орайда Шымкентте тұрмысы төмен азаматтарға жалпы саны 1 миллион 100 мыңға жуық бетперде тегін таратылды. Оның 1 миллион данасы «Birgemiz» қорынан бөлініпті. Бұл көп реттік маскалар, сондықтан сабындап жуып, қайта қолдануға жарамды. Айта кету керек, Шымкенттегі бұл игі іс сақтық шаралары аяқталғанға дейін жалғаса бермек.
БАНК ҚЫЗМЕТІН ҮЙДЕ ОТЫРЫП ПАЙДАЛАНАСЫЗ
Сәуірдің басында мемлекет табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге жәрдемақы төлейтіні жөнінде хабар таралды. Осы қаржыдан үмітті қалың көпшілік есепшот нөмірін алу үшін банкке қарай ағылып, бөлімшелер мен банкоматтардың алдында ұзын сонар кезектер пайда бола бастады. Эпидемиялық жағдайға орай қабылданған карантиндік шара кезінде халықтың бір жерге бұлайша көп шоғырланбауы өте маңызды.
Әлеуеттік желілерде банк бөлімшелеріндегі кезектер бейнеленген жазбалар тарай бастаған алғашқы сағаттарда-ақ Шымкент қаласының әкімдігі екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып дереу әрекетке көшті. Бүгінгі таңда мемлекет тағайындаған жәрдемақыға өтініш беруге қажетті есепшот нөмірін анықтау үшін банктерге барудың қажеті жоқ. Қызметтердің барлығы онлайн жүйесінде көрсетіледі. Үйде отырып есепшот ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті шот бұғатталып қалса да жәрдемақыға арнайы шот аштыруға болады. Цифрлық жүйенің арқасында енді мобильді қосымша арқылы банктік картаға үйден тапсырыс беріп, оны кейін карантин біткен соң банктің кез келген бөлімшесінен барып алуға мүмкіндік бар.
Қазіргі уақытта қаладағы төрт қаржы институтының филиалдары «Kaspi bank», «Home credit Bank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді.
Айта кетерлігі, қаламыздағы базарлар мен дүкендер және сауда орындары төлемдерді пост терминалдар арқылы қабылдауды бастады. Бұл өз кезегінде коронавирустың таралуына тосқауыл болмақ. Оған қоса көлеңкелі бизнеситің жолын кеседі.
Банктік картасы жоқ азаматтар банктерге қоңырау шалу арқылы немесе онлайн тапсырыс бере алады. Дайын картаны банктер үйлеріңізге жеткізіп береді. Төлем картасын қабылдайтын құрылғы орнатпаған нысандарға әкімшілік шара қолданылмақ.
ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗ
Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта Отанға қызмет ету – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысына сәйкес Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қатары көбейіп келеді.
Еріктілер қалалық әскери комиссиариятқа барып тіркеліп жатыр. Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен қала бойынша әзірге 100-ге жуық азаматты қабылданды. Олар зазалсыздандыру мен блок-бекеттерде патрульдеу жұмыстарын атқаруда. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынды.
Жалпы, Шымкент қаласындағы залалсыздандыру жұмыстарына 50 автокөлік пен 600-ге жуық адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, 200-ге тарта әскери қызметкер қамтылған.
ТАМАША ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАЛУДА
Иә, қазір елдегі ахуал шынында күрделі. Бір жағынан пандемия алқымнан алып жатса, екінші жағынан экономикалық дағдарыс елімізге қосымша ауыртпалықтар әкелді. Дегенмен, Қазақстанның бұл уақытша қиындықтарды жеңіп шығатын қаржылай қоры да, халқының бойында күш-жігері де бар.
Әрі кез келген дағдарыс бізді шыңдай түседі. Осындай қиын-қыстау кезеңде басталған ізденістер мен тәжірибелер болашақта дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілуімізге жол ашады.
Бұл жөнінде Елбасы "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" деген мақаласында "Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал, бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті" деді.
Осыған орай бір ғана мысал айтайық. Бүгінде еліміз қашықтықтан білім беру бойынша тамаша тәжірибе жинақтап жатыр. Иә, қазір бұл істің өзіндік қиындықтары мен кемшіліктері болуы мүмкін. Алайда, бүгін жинақталып жатқан тәжірибе күні ертең кәдеге асатыны сөзсіз. Сол арқылы біз білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, жаңа технологиялар негізінде жұмыс істеуге машықтанып жатырмыз.
Бүгінде Шымкент қаласында 172 мектеп, 30 колледж бен 10 жоғарғы оқу орны толығымен қашықтан оқыту форматына көшті. Биылғы 6 сәуірден бастап барлық мектеп оқушылары ІV тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастады.
Қалада жалпы 172 мектепте 222 037 оқушы білім алуда.
Оқушылардың 96,7 пайызы электронды құрылғылармен яғни, компьютер, смартфон, планшетпен жабдықталған (214 613 оқушы), қалған 3,3 пайыз (7 424) оқушының телеарналар арқылы білім алу мүмкіндігі бар. Орта мектептердегі барлық 17 253 мұғалім электронды құрылғылар мен интернет желісімен қамтамасыз етілген.
Жоғары оқу орындары 4 цифрлық білім беру платформалары арқылы жұмыс атқаруда. Студенттер саны – 106 723 (практикада – 11 459, сырттай – 22 333).
2020 жылдың 26 наурызынан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстары тоқтатылды. Қаладағы барлық балабақшалар қызметінің уақытша тоқтатылған мерзімінде меншік түріне қарамастан балабақша қызметкерлерінің жалақылары толық көлемде төлену туралы шешім қабылданды.
8 707 САУАЛҒА ЖАУАП БЕРІЛДІ
Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі таңда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудағы басты өлшемдердің бірі – халықпен кері байланыс орнату.
Бұл тұрғыдан алып қарағанда Шымкент қаласының әкімдігі нәтижелі жұмыс атқаруда. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда карантин енгізілуіне байланысты жергілікті телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы мәлімдеме жасап, азамттарға жағдайды баяндап отырды.
Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндерден бастап құрылған жедел штаб БАҚ пен тұрғындарды жан-жақты сараланған әрі шынайы ақпаратпен толық қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық орталықта күн сайын түрлі сала басшылары брифингтер өткізіп көпшілікті алаңдататын ең өзекті сауалдарға жауап беруде.
Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың сауалдарына тұшымды жауап беру мақсатында қала басшылығының шешімімен арнайы Сall-орталық жұмысын бастаған болатын.
39-50-55 нөміріне тіркелген 9 телефонда күнделікті отыратын мамандар азаматтардан түскен 8 707 қоңырауды тіркеп, сауалдарға жауап берді.
ЕКІ ШЫМКЕНТТІК ЖАЗЫЛЫП ШЫҚТЫ
Төтенше жағдай енгізілгелі атқарылған барлық жұмыстың түпкі нәтижесі індеттің таралуына жол бермеу және науқастардың дертінен аман-есен айығуы. Осы тұрғыдан алғанда Шымкентте қолға алынған шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастады. Қалада коронавирус жұқтырған екі науқас ауруханадан жазылып шықты. Дертінен айыққандар - анасы мен баласы.
Қуаныштысы сол, «Тәуелсіздікке - 20 жыл» елдімекеніндегі бірінші ошақтан осы отбасының 2 мүшесінде зертхананың сынамалар теріс болып, олар үйге шығарылды. Дәрігерлер пациенттердің жағдайы жақсы екенін айтады.
Ал отбасының қалған 3 мүшесі медициналық қызметкерлердің бақылауымен 14 күндік карантин аяқталғанға дейін қалады, себебі інісінен COVID-19 ауруы 12 күні анықталып, әкесі және қарындасымен жақын байланыста болған.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
Шымкент