• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Карантиннің кезекті «қызықтары»

698 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында «жаман тұмау» жұқтырғандардың саны сексеннен асып, тоқсанға жетіп қалды. Әзірге төрт адам сырқаттан құлан-таза айығып шықты. Көбейсе деген тілек бар! Қазір карантиннің тәртібіне көніп, тәубасына келгендердің қатары артып келеді. Дегенмен, айналадағы жағдайға салдыр-салақ қарайтындар да кездесіп қалып жатыр. Олар, әрине, азшылық. Дегенмен, бұларға қатысты да тәртіптік іс-шаралар күшейтілсе дейсің. Өйткені, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»... Карантиндегі Қарағандының кезекті «қызықтарының» тағы бір топтамасын назарларыңызға ұсындық, қадірменді оқырман. Үйде оқи отырыңыз!

Төтенше жағдайдағы бөтенше байқау

Коронавирус деген пәлекет екі аяқты бір етікке тыққан мына заманда Қарағанды облысының төтенше жағдай жөніндегі департаменті «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары» тақырыбы бойынша бейнероликтер байқауын жариялапты.

Қазіргідей төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілген қатаң тәртіп жағдайында аталған ведомство ештеңеге алаңдамай, бес қаруы түгел сай, не нәрсеге болса да дайын отыруы керек. Ал енді, бұл департамент 15-30 сәуір аралығында балалар мен олардың ата-аналарынан келіп түскен бейнероликтерді саралаумен уақыт өткізсе, біздерді өрттен, тұрмыстағы неше түрлі оқыс жағдаяттардан кім сақтайды?

Негізі, идеяның о бастағы мұраты оңды-ақ, әрине. Балалар осы бастан опаттың қайдан келетінін біле берсін деген жақсы ниет қой. Дегенмен, осы байқауды төтенше жағдай біткен соң да ұйымдастыруға болмас па еді? Кім біледі, баланың аты – бала. Үйде тып-тыныш отырған жүгермектер карантинде қолына смартфонын көлденең ұстап (көлденең ұстап түсіру – конкурс талабының бірі) көше кезіп кетпей ме деген күдік те жоқ емес...

 

Сарандықтың «сараңдығын» кешірді

Қарағандыға серіктес қала Саранда «Восток» деген дүкеннің иесі осыдан біраз бұрын абақтыға қамалған болатын. Не үшін дейсіз ғой? Саудагердің аяқасты сараңдығы ұстап, меншігіндегі дүкенінің табалдырығына дезинфекциялық кілемше тастамаған екен. Яғни, төтенше жағдай режимінің тәртібін біле тұра қасақана бұзған...

Дегенмен, Джохар Өтебеков деген адвокат, өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық сотқа арыз-шағымды қарша боратып, жеке кәсіпкерді уақытша ұстау изоляторынан босатып алды.

«Жаңылмайтын – жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген бар. Дүкен иесінің  бостандыққа шыққанына біз де қуанып қалды. Дегенмен, кәсіпкер үшін құны көк тиын кілемшеге келгенде сараңдығы ұстап қалған саудагерге, сосын басқа да ірілі-ұсақты дүкен ұстағандарға бұл оқиға ащы сабақ болды-ау деген үміттеміз.

 

«Сөренің» соры қайнамасын...

Жезқазғандағы дүкендердің бірінде «Қайырымдылық сөресі» пайда болыпты. Мұның мәнісі мынада екен: мысалы қалтасында артық-ауыс ақшасы бар кез-келген жомар жан азық-түлік сатып алады екен де, оны осы сөреге қойып кететін көрінеді.

Сонан соң, күнделікті тірлікте күнін әрең көріп жүргендер аңдып тұрып, әлгі сөреден керегін тегін алады дейді. Қысылғанда қайырымдылық жасаудың тың да тосын түрін ойлап тапқан жезқазғандықтарға «Бәрекелді!», деп бас бармақты көрсеткеннен басқа амал жоқ. Оның үстіне, бізге жеткен ақпаратқа сенсек, «Акция қала тұрғындары арасында қолдау тапты: қайырымдылық сөресі ешқашан бос тұрмайды», дейді.

Дегенмен, бұл «Қайырымдылық сөресінің» болашақтағы тағдыры қандай болмақ деп те уайымдайсың. Себебі, мұндайға үйренбеген біздің кейбір азаматтар жоқ-жітік, кәрі-құртаң жетем дегенше, әлгі сөрені жылан жалағандай етіп кетпесе игі. Әлде, полициядан күзет қоя ма..?

Әйтеуір, 42500 теңгенің «жырындай» болып кетпесе екен...

 

 

Қарағанды облысы