• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2013

Халықты улау қашан тоқтатылады?

443 рет
көрсетілді

«Айқайлай-айқайлай қас­қыр­дан да ұят болды», депті ғой бая­ғы­да бір қойшы. Жарықтық бір нәрсені білген соң осылай деген екен де. Біз осыны түсініп отырмыз. Неге? Ел газетінің бетінде Қызылорданың Шиелі ауданында уран өндіру барысында қолданылатын күкірт қышқылының төгілгенін бірнеше рет жаздық. Айқайлап та айтып көрдік. Байыппен де жеткізген сияқты едік. Бірақ содан нәтиже болмай тұр. «Қазатомөнеркәсіп» қазақша оқымай ма, әлде күкірт қышқылын жұтқан жұрт қырыла берсін дей ме, белгісіз?

 

«Айқайлай-айқайлай қас­қыр­дан да ұят болды», депті ғой бая­ғы­да бір қойшы. Жарықтық бір нәрсені білген соң осылай деген екен де. Біз осыны түсініп отырмыз. Неге? Ел газетінің бетінде Қызылорданың Шиелі ауданында уран өндіру барысында қолданылатын күкірт қышқылының төгілгенін бірнеше рет жаздық. Айқайлап та айтып көрдік. Байыппен де жеткізген сияқты едік. Бірақ содан нәтиже болмай тұр. «Қазатомөнеркәсіп» қазақша оқымай ма, әлде күкірт қышқылын жұтқан жұрт қырыла берсін дей ме, белгісіз?

Осы жылдың алғашқы алты айында 5 рет 30 тоннаға жуық күкірт қышқылын тиеп бара жатқан жүк көліктері аударылды. Ойлаңызшы, алты айда 5 рет! Оның бірнешеуі елді мекендердің іргесінде төрт дөңгелегі көктен келіп теңкиіп жатты. Ресми ақпарат 30 тонналық күкірт қышқылының аз ғана бөлігі төгілді деген хабар таратты. Тек соңғы оқиға кезінде тұтастай цистернаның аударылғанын айтты. Құлағымызды қағып қойып оған сенген сыңай танытамыз-ау. Дегенмен, оны көрген жұрт бар ғой. Оқиғаның куәгерлері төңкеріліп жатқан жүк көлігінен күкірт қышқылының лақ етіп жерге сіңгенін айтады. Оның тағы бірнешеуі Қаратаудың қатпарының арасында қалды. Тіпті, жұрт Дарбаза атайтын жердегі бұлақтың басында да қышқылдың төгілген фактісі бар екенін айтады. Ол бұлақтан адам мен малдың су ішетінін қайтеміз? Сонда уран өндіріп жатқандар адам денсаулығы мен өмірін ойламайтын болып тұр ғой. Біздің «ұят болды» деген тұсымыз да осы.

Бұл тақырып күнделікті күй­беңмен ұмытылып кетер ме еді? Егер қолымызға тиген халықтың жанайқайы болмаса. «Егеменнің» елдегі тілшілер қосынына жер­гі­лік­ті басшылықтың, құ­қық қорғау органдарының, «Қаз­атом­өнер­кәсіп» ұлттық компаниясының басшысы В.Школьниктің атына жазылған хат келді. Оған Ең­бекші елді мекенінің әкімі Мақ­сұт­хан Ишанқұлов, аудандық мәс­­лихаттың депутаты Бағлан Әшір­беков, ауылдың ардагер­лер кеңесінің төрағасы Берік­қара Әбді­жаппаров, имам Мұхам­мед­­қали Бекқожаұлы, мектеп дирек­­торы Ерсаид Жүсіпов, әйел­дер кеңесінің төрайымы Ұлман Бәті­шова, №84 мектеп директо­ры мен бірнеше шаруа қожа­лық­тарының басшылары қол қой­ған. Енді хаттың негізіне тоқта­лайық.

«Ауруын жасырған өледі», деген қазақтың сөзі бар. Осы сөз­ді қарт Қаратаудың етегінде отырған Еңбекші ауылына арнап айтқандай. Жалпы, біздің ауыл Кеңес үкіметі тұсында жазда жай­лауға шығып, қыста Сырдың бойын сағалап мал шаруа­шы­лы­ғымен айналысқан. Әлі де сол төрт түлік малды бағып-қа­ғып, тұрмысымызды түзеп отырмыз. Бірақ соңғы кездері орын алып жатқан жағдайлар елді елең­­детіп, азаматтарымызды алаң­­датып отыр. Сөзімізді ашып айтар болсақ, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына тиесілі РУ-6 мекемесінің терминалынан уран өндіретін орындарға кү­кірт қышқылын таситын авто­көліктердің апаты жиі орын алуда. Бәрін санамаламай, соның бір­нешеуіне тоқталайық. Мәселен, «ТТК» ЖШС-іне тиесілі автокөлік 2012 жылы, одан кейін биыл Еңбекші-Нартай ауылдарының арасындағы автожол бойына екі рет аударылып, күкірт қышқылын төкті. Төгілген қышқылдың иісі­нен тұрғындар дем ала алмай, тыныс жолдары ауруларына шал­дығып жатыр. Одан кейін «Саят­транссервис» ЖШС-іне тиесілі автокөліктер 3 рет апатқа ұшырап, тонналаған қышқыл топыраққа, суға сіңді. Дарбаза, Сауысқандық деген жерлердегі өзендерге тө­гіл­ді. Сол аймақтарда егілген ағаш­­тар қурап, өзендегі балықтар қыры­лып қалды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, азын-аулақ мал шаруашылығымен айналысып отырған ауыл тұр­ғын­дарының зәре-құты қалмай отыр. Себебі, жол апаты болған жерлерде мал жайылып, өзеннен су ішеді. Соның кесірінен қышқыл төгілген шөпті жеп, суды ішкен малдар ауруға ұшырады. Өскен ағаш, жүз­ген балық, жайылған малға әсер еткен күкірт қышқылының адамға да тигізіп жатқан зияны бар екені бесенеден б елгілі. Осы жайттарды көріп-біліп, сезіп отырса да апатты жерлерді тазарту, қышқылдың қаупін сейілту жұмыстарына көңіліміз толмайды. Тұрғындардың денсаулығына келген зиян мен төрт түлік малдың шығынын кімнен талап етеміз?».

«Егеменге» арқа сүйеп келген хаттың мәтіні осындай. Әл­гін­де айтқанымыздай, біз бұл мәселені үш рет жаздық. Сөйт­сек, біздің назарымыздан тыс қалған апаттар да бар екен. Мысалы, «Саяттранссервис» ЖШС-інің бір көлігі 14 мамыр күні Шиелі-Тайқоңыр тас жо­лының 106 шақырымында күкірт қышқылын төгіпті. Одан кейін 12 тамыз күні де Сейітжан Тұр­ғанбайұлы тізгіндеген көлік Ең­бекші-Тайқоңыр жолының 42-шақырымында төңкеріліп қа­лыпты. Оның артынан барып залалсыздандыру жұмысы жүр­гі­зілмеген. Төтенше жағ­дай­лар департаментіне, са­нитарлық-эпидемиологиялық ор­талыққа хабарламаған да сияқ­ты. Егер аталған мекемелер құ­лағ­дар болса, онда ақпарат тарай­тынын біз білеміз. Сол себеп­ті, олардың ың-шыңсыз, төгіл­ген қышқыл туралы еш­кім­ге айтпай, мысықкөмбе жаса­ға­нын сезіп отырмыз. Осы «Саят­транс­сервистің» директоры Сержан Жанысұлы деген азамат. Азамат деп отырмыз ғой. Дегенмен, оған қарасты меке­ме­нің тірлігі аза­мат­тық түгілі, адамгершілікке де жатпай­ды. Ал «ТТК» ЖШС директоры Берік Қалдыбай деген кісі. Қор­ша­ған ортаны қорлап жатқан «қаһар­мандарды» ел білуі керек сияқты. Сол үшін атын атап отырмыз.

Сонымен апат неге жиіледі? Бір­неше жауап бар оған. Соның негізгісі, техникалардың жарам­сыздығы. Тонналаған күкірт қыш­­қылын тасып жүрген жүк көліктері ескірген. Осы арқы­лы күреп қаржы тауып жатқан компаниялар техниканы жаңар­туды ойламайды. Соның салдарынан олар аударылады, күкірт қыш­қылы төгіледі, халық уланады. Бірақ мұның оларға ешқандай қатысы жоқ сияқты үнсіз отыра береді. Тәртіп бойынша у­лы затты таситын техникалар әр 2 жыл сайын жаңартылып оты­руға міндеттелген көрінеді. Де­ген­мен, «Саяттранссервис» пен «ТТК» ЖШС-дегі көліктердің жаңармағанына 5 жылдан әрі кетіп қалған, дейді білетіндер. Одан кейін жолдың сапасыздығы да ерекше әсер етіп тұр. Шиелі-Тайқоңыр жолымен тек күкірт қышқылын таситын жүк көліктері ғана жүрмейді. Сондай-ақ, жол құрылысына қолданатын қиыршық тас таситын «КамАЗ» көліктері де жолдың сапасыздануына айрықша «көмектесіп» жатыр. Ойқы-шойқы жолдан қашқан көліктер ақыры аударылып тынады. Бұдан бөлек, күкірт қышқылын таситын көліктің көбі жалғыз жүреді. Егер олар тобымен жүріп, алды-артында жол бастайтын адам болса, мұндай жағдай орын алмас еді. Ал жалғыз өзі келе жатқан жүргізуші іші пысқаннан ұйықтап кетеді немесе жетер жеріне асығып, жылдамдықты арт­ты­рамын деп опық жейді. Негіз­гі үш себеп ретінде біз осылар­ды атар едік.

Мына апаттарға халық шынында да үрпиісіп қарап отыр. Не істерін, кімнен сұрарын біл­мейді. «Қазатомөнеркәсіптің» бас­шылығы өз ішінде тексеру жүргізіп, кінәлілерді жазалай ма, әлде Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мәселенің ақ-қарасын анықтай ма, не болса да осы істің реттелуін қалар едік. Әйтпесе, іс насырға шауып, елдің обырдан қырылу қаупі де жоқ емес. Жалпы, жердің астындағы байлықты игерген жақсы ғой. Дей тұрғанмен, жердің бетіндегі халықты да ойлау керек. Ең болмаса, анда-санда...

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.

Соңғы жаңалықтар