Кеше Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі арнайы соты аймақ аумағында есірткі сатумен айналысқан 16 тұлғаның үстінен қозғалған қылмыстық істі қарауды бастады.
Кеше Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі арнайы соты аймақ аумағында есірткі сатумен айналысқан 16 тұлғаның үстінен қозғалған қылмыстық істі қарауды бастады.
Процесті жүргізген облыстық соттың төрағасы Асылбек Жұмағұловқа сотталушылар мен олардың қоғамдық қорғаушыларының анкеталық мәліметтерін оқып шығу үшін жарты сағат уақыт керек болды. Қорғаушылар арасында темір торға қамалғандардың әйелдері, сондай-ақ аналары, әпке-қарындастары мен аға-інілері де бар болып шықты.
Процесс екі мемлекеттік айыптаушының 112 беттен тұратын айыптау қорытындысын оқуларынан басталды. Онда бұл ұйымдасқан қылмыстық топта кімнің қандай қызмет атқарғаны, қай кезде қандай шаруаларды орындағаны кеңінен баяндалды. Осыған сәйкес есірткі заттарын кімнің қай кезде қалталағаны, сосын оған зәру азаматтарға қалай сатқандары аян болды.
Есірткі саудасына қатысты бұл оқиғалар Тобылдың жерінде 2011-2012 жылдары өрістеген көрінеді. Ұйымдасқан қылмыстық топтың заңға қайшы әрекеттері ұлттық қауіпсіздік комитетіне көп ұзамай белгілі болған. Бірақ оларды қылмыс үстінде ұстауға біраз уақыт кеткен. Ақырында топ құрамындағы Резеда Асылбаеваны бірінші етіп қолға түсірудің орайы келді. Мұның соңынан басқаларды ұстауға қол жетті.
Мұрат АЙТҚОЖА.