Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметшілерді қашықтықтан жұмыс істеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда облыстың жергілікті атқарушы органдары қызметшілерінің 70 проценті қашықтықтан жұмысқа ауыстырылды. Қызметкерлердің үйде кедергісіз және тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әрбір қызметшіні қажетті ақпараттық жүйелерге қашықтықтан қосу үшін техникалық мүмкіндіктер қамтамасыз етілген. Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу еңбек заңнамасымен реттеледі және толық көлемде жүзеге асырылатын болады.
Енгізілген төтенше жағдайда мемлекеттік қызметтерді онлайн түрінде электронды форматта алуға сұраныс көбейді. Қысқа мерзім ішінде egov.kz порталы арқылы электронды-цифрлық қолтаңбаны алу мүмкіндігі, Telegram-Bot арқылы жәрдемақы алуға өтінім рәсімдеу және басқа да қызметтер енгізілді.
Аталған өзгерістер ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, сонымен қатар бұл мемлекеттік аппарат жұмысының форматын өзгертуге, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби ұтқырлығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.