• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Сәуір, 2020

Түркістан: Халық неге ең бірінші Арыстанбаб кесенесіне барады?

1636 рет
көрсетілді

Халық арасында ежелден «Арыстанбапқа түне, Әзіреті Сұлтаннан тіле» деген кең түсінік қалыптасқаны мәлім. Яғни жұрт ең бірінші Түркістаннан 60 шақырым жердегі  Арыстанбаб кесенесіне барады. Неге?

Осы жерде бір құпия бар. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев оның себебін ислам Түркістан өңіріне келген VIII-IX ғасырда  Арыстанбапта түркілердің тәңіршілдік дінінің орталығы болғанымен байланыстырады.

«Егер тарихи-этнографиялық деректерді қарасаңыз сіз арыстанның қарлұқ тайпаларының ортақ тотемі екенін білген болар едіңіз.  Ал енді Арыстанбап кесенесіне кірген уақытта сіз назар аударсаңыз - Лашын бап, Қарға бап, тағы да басқа баптарды көресіз. Олардың барлығы да түркі халықтарының қасиетті тотемдері, түсінікті тілмен айтсақ, қасиетті ата-бабалары. Құтайбы бастаған арабтар бұл жерлерді әскери күшпен бағындыра алмаушы еді. Себебі Сырдың ар жағында даланың жауынгер тайпалары тұрды. Сондықтан олар жергілікті тәңіршілдік діннің өкілдері – қожалармен компромиске келуге мәжбүр болды, яғни біздің ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдады және өзінің тәңіршілдік әдет-ғұрып, дәстүрлерін сақтап қалды. Міне, осылайша қазақ исламы деген феномен дүниеге келді. Тәңіршілдік діннің абыздары ислам жағына өтті. Қазіргі күні қазақ қожаларының ішіндегі толып жатқан әулеттер өз тегін тәңіршілдік діннің өкілдері - жергілікті қожалардан алады», деді Жамбыл Омарұлы Мәдениет және спорт министрлігі, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің  ұйымдастыруымен өткен "Түркістан құпиялары" тақырыбындағы онлайн-лекцияда.

Ер түріктің бесігі - Түркістан өңіріндегі тарихи жер атауларының шығу тарихы мен маңызы, көне Түркістан қаласының жұмбақ сыры мен тың деректері жөніндегі зерттеу еңбектерімен бөлісуге арналған лекцияда аңыз-әңгімелердің мәні, халықтың сенім-нанымдары туралы да ауқымды мәліметтер айтылды. Аңыздар мен салт-дәстүрлердің түпкі шығу мәні жөнінде деректер келтірген профессор Жамбыл Омарұлы Түркістан құпияларын 12 бөлікке бөліп, жекелей түсіндіріп өтті. Сондай-ақ онлайн-лекция барысында көптеген сауалдарға жауап берді.