Кешеден бері әлеуметтік желіде Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округі тұрғындарының наразылық акциясына шыққаны жайлы ақпарат тарап жатыр. Тұрғындар Береке ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның алдына жиналған.
Белігді болғандай, ауыл тұрғындары жергілікті жердегі медициналық мекеменің коронавирус инфекциясымен ауырған азаматтармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін қолданылатын обсервациялық стационар ретінде пайдаланылуына өз наразылықтарын білдірді. Ал амбулаторияның ішінде пациенттер болмаған, яғни, бос тұрған. Оқиғаға орай Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі түсінік берді.
- Өкінішке қарай, тұрғындар арасынан бұзақылар шығып, ғимаратқа материалдық шығын келтірген. Ғимараттың есік-терезелерін бұзып, ондағы 30 төсек пен матрацты сыртқа лақтырған. Жиналғандардың ішінде жекелеген адамдар алькогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде болған. Оқиға орнына Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев жиналған тұрғындармен сөйлесуге келіп, түсіндіруге тырысқанымен ауыл тұрғындары әкімнің сөзіне қағаттанбай, обсервациялық стационарды жабуды талап еткен. Мұнан соң мас күйіндегі азаматтар Қарасай аудандық полция бөліміне жеткізілген. Осы оқиға бойынша Қарасай аудандық полициясы Қылмыстық кодекстің 202-бабының 1-бөлігіне сәйкес, яғни бөгденің мүлкіне қасақана зиян келтіру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төтенше жағдай кезінде заңсыз әрекетті ұйымдастырып, бұзақылыққа бастағаны үшін кінәлілер қатаң жазаланады, - дейді облыс әкімінң баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Сондай-ақ, Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды көрінеу жалған ақпараттарға сенбеуге, тек ресми мәліметтерге ден қоюға шақырады. Тексерілмеген ақпарат көздерінен көрінеу жалған ақпарат таратқандар, осы тектес әрекеттерге жол бергендер еліміздіңзаңнамаларына сәйкес жауапқа тартылатынын да ескертуде.