• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2020

Көкшетаулықтар қылқаламға құштар

172 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайдың талабы бұрынғыдан өзгеше. Тіпті солай болған күннің өзінде шығармашылық жандар небір туындыларды жасап, айналасындағыларға тәлім-тәрбие бере алады екен.

Армандар орындалады. Оған белгілі қылқалам шебері, педагог, дизайнер Анар Саттыбаева кәміл сенімді. Ол облыс орталығында «Гранат» шығармашылық студиясын ашқан болатын. Карантин кезінде суретші болуды армандайтын адамдарға онлайн-сабақ өткізуде. Үйренушілердің жас ерекшелігі де әртүрлі. Ең егдесі 76 жаста. Тіпті 3 жастағы балалар да сабаққа қатыса алады.

–Негізінде төтенше жағдай біздің қабілетіміздің өзге тұстарын ашуға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Өскелең ұрпаққа не бере аламыз деген сауалды саралайтын сәт туғызып отырғандай. Сондықтан күрделі жағдайға қарамастан, бар білгенімізді балаларға үйретуге тырысамыз. Балғын бүлдіршіндер қуана қабылдайды. Қазір түрлі білім беру бағдарламаларын интернет арқылы жүзеге асырудамыз. Нәтижесін уақыт көрсетеді, дейді педагог Анар Саттыбаева. 

Анар Саттыбаеваның айтуынша, карантин режімі басталғанға дейін студиядан сабақ алғандардың қатары 100-ден асқан. Қазір олар онлайн-сабақтарға икемделе алмай жүрген көрінеді. Техникалық ақаулар да жиі кездеседі. Скайп, Ватсап, Зум, қолда бар әлеуметтік желілерді қолданады. Оқушылар орындаған жұмыстарын ұстаздарға жолдайды. Олар қателерін түзетеді. Тіпті қолына қылқалам ұстап көрмеген, жасы егде тартқан адамдар да шеберлік сағаттарына қатысуда. Ересек жастағы оқушыларға академиялық кәсіби курстар да әзірленіпті. Ал, жасы кіші балақайларға сәйкесінше бағдарамалар жасалып жатыр. Себебі, олармен қашықтықтан жұмыс істеу бірқатар қиындық тудыратын көрінеді. 

 

Көкшетау қаласы