Карантин кезінде курьерлердің де қызметіне сұраныс арта түсуде. «Қазпошта» акционерлік қоғамы осы сұранысты қанағаттандыру үшін мобильді қосымшасын жетілдіріп, сайтына түрлі онлайн қызметтердің үлгісін жүктеп жатыр.
Қозғалыстың шектелуіне байланысты зейнеткерлерге сәуір айының зейнетақыларын үйлеріне жеткізіп беруде. Ал, қалғандарына төлем карталарын ашып, ақшаларын сол картаға аударып, карталарды үйлеріне жеткізуде. Әйтсе де, мұнда келетіндер де аз емес.
–Зейнетақыны алу үшін арнайы карточка жасап береміз дейді. Қамқорлық деген осы емес пе? Өте ризамын,–дейді зейнеткер Тамара Козлова.
Карантин кезінде барлық пошташы мен курьерлер штаттық режимде жұмыс істеуде. Сонымен қатар арнайы ашылған сайт пен мобильді қосымша арқылы сәлемдемелерді үйге жеткізуге, курьерді шақырып, жөнелтімді алып кетуге тапсырыс беруге болады.
Миллиондап хат тасымаса да, ұсақ пакеттер, бандерольдар мен жөнелтімдерді көптеп тасымалдайды. Ал карантин кезінде тірлігі онсыз да қауырт пошташылардың қызметі екі есе көбейген.
Көліктеріне блок-бекеттерден өтуге де еш тосқауыл жоқ. Тек тексеруден өту аздап уақыт алады екен.
Көкшетау қаласы