• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2020

Ақмола облысы: Ауылдағылар аш қалмайды

453 рет
көрсетілді

Карантин кезінде облыс орталығына жақын орналасқан ауыл тұрғындарының қаламен байланысы үзілді. Көкшетауда  жұмыс істеп, азық-түлігін қаладан тасымалдайтын ауылдың ахуалы нешік?!      

Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде еш мәселе туындамауы тиіс. Қаладағы көтерме сауда нүктелерінде адам қарасы бұрынғыға қарағанда біршама азайған. Алайда, тауардан тапшылық жоқ. Тек баға көтерілген.

–Жергілікті әкімдікпен бағаны негізсіз көтермеу жөнінде меморандумға қол қойдық. Соған сәйкес біздің сауда орталығына келетін азық-түлік бағасын түгел бақылауға алдық. Сатушыларға бағаны тек 10 процентке көтеруге рұқсат етілді. Оның өзі жолақыны ақтау үшін,–дейді көтерме сауда нүктесінің әкімшісі Рәзия Рахметова. 

Қазір алыс-жақын ауылдардан келіп, азық-түлікті сатып алушы кәсіпкерлер қатары көбейіпті. Себебі, сұраныс жоғары. Өйткені, ауылдықтар бұрынғыдай қалаға өздері келе алмайды. 

–Карантиннің ықпалы ауылдарға да тиіп отыр. Біріншіден, рұқсат қағазын алып жүруге тура келеді. Одан қалды коронавирус пайда болғалы баға да көтерілді. Ауылымызда 3 дүкен бар. Меніңше, азық-түліктен таршылық көрмейді,–дейді  ауыл тұрғыны  Есенбай Қонысбаев.

Карантин ауыл тұрғындарына қалай ықпал етуде?! Біріншіден, ауылдардың көбінде не дәріхана, не дәрігер, тіпті кейбір елді мекендерде азық-түлік  дүкендері де жоқ. Болса да, бағасы қымбат деп шағынады ауыл тұрғындары. Одан қалды картамен ақша алатын банкомат, телефонға бірлік салатын терминал да кездеспейді.

–Ауылда азық-түлік алуда біршама қиындықтар туып отыр. Бұл ақшасыз төлем жүргізуге қатысты. Ақшамның бәрі карточкада қалғандықтан, не істерімді білмей қалдым. Ауылда банкомат жоқ. Сондықтан осы жағын ойластырса ғой деген өтінішіміз бар. Қазір дүкендерімізде қажетті деген тауарлар бар. Ауыл тұрғындарының көбі қалаға келіп, қалаған бағаға қажетті тауарларды алып үйреніп қалған ғой. Бірақ карантин режимінің тәртібін бұзбауымыз керек. Себебі, бұл өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін маңызды, дейді ауыл тұрғыны Эльдар  Богапов.

Осылайша, қаланың карантинге жабылуы ауыл тұрғындарына да өз ықпалын тигізіп жатыр.

 

Ақмола облысы.