• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Сәуір, 2020

Дәрігерге басымды иемін

1318 рет
көрсетілді

Иә, қазір бүкіл әлемде үшінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр. Бұл соғыстың сұрапылдығы сол – жау көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды.

Қай тарихта да, қандай соғыс, қандай зұлмат шайқаста да, тіпті терроршылар болған шақтарда да ақ халат киген жандарға, қызыл кресті бар жедел-жәрдем машиналарына оқ атпаған. Себебі дәрігерлер өмір үшін күрескен қаһармандар, өлімге араша түскен асыл жандар еді. Ал бұл майданда, Ұлы айқастың алғы шебінде жүрген белгісіз соғыстың беймәлім батырлары – оқ сендерге де тиіпті... Қолыма қалам алуға осы себеп болды. Еріксіз Никита Михалков айтқан әңгімені есіме түсірдім. Бір дәрігер перзентханада таңғы 5-те жас әйелді босандырып жатса керек. Осы кезде сырттан бір хабаршы асып-сасып кіріп келеді. «Соғыс! Соғыс басталды!» деп бақырғанда әлгі дәрігер: «Шық оңбаған, кет әрі!» деп, жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Әлгі келіншек сонда ұл табады, атын Виктор, яғни Жеңіс деп қойыпты.

Міне, дәрігер деген осы. Мен қаншама рет дәрігерге барсам, соншама рет қобал­жимын. Өйткені білем... Егер де ауырып қалсам, маған жанашыр – тек осы жандар. Әдеби тілмен айтсақ, ақ халатты абзал жандар... Өмірде аса бір қиналған сәттерімде де, болмаса өмірге ұрпақ келген қуа­нышты күндерде де осы адамдар маған арқау бол­ды. Қиналғанда қамқор, қуанғанда қасымнан табылды.

Дәрігерлер... Академик Камал Орман­таев, Еңбек Ері Серік Ақшолақов, ғылым докторы Абай Байгенжин, Қалдыбай Мадибраимовтан бастап көбін білем... Біздің клиникадағы менің сүйікті дәрігер­лерім...

Соңғы 3-4 күнде жаным жүдеп, көңі­ліме қаяу түсті. Өзіміз ауырғанда жүгі­нетін дәрігерлеріміз науқастанса, бұдан артық қорқыныш болмайды екен. Дәрі­герлеріміз неге ауырды, қалай ауырды, неден болды? Оған кім кінәлі? Мен қазір мұндай сұрақтар қойғым келмейді. Оны тексеріп ақ-қарасын зерттейтін комиссия бар шығар. Менің қабырғама бататыны – солардың ауырғаны... Тілегім – сол жандардың тез сауығып арамызға аман-есен оралуы ғана. Қазіргі індет – коронавирус – біздің көп нәрсеге көзімізді ашты. Енді біз осы пандемиядан соң өзге­ретін болармыз. Өйт­кені өзгермеске шара жоқ. Әлеуметтік желідегі әлеу­метті тыңдауға – фейсбук, инстаграмды ашуға қорқам. Себебі жаман аурумен ауырғандар күннен-күнге өршіп жатыр.

Ең қиыны, сол науқастардың ішінде дәрігер­лердің болуы. Жұмысқа барып індетке шалынуы...

Біздің тарихымыз бай. Хандарымыз да, билеріміз де, батырларымыз да, ақындарымыз да жетерлік. Қай-қайсысын да мақтанышпен айта аламыз. Алайда біздің тарихтан орын алған ұлы дәрігерлер жоқ. Ибн Синадан басқа. Болса да, олар тарихтың көне қойнауында жойылып кетті. Яғни бұл да біздің тарихшыларымыздың алдындағы үлкен міндет. Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге арқау болған сынықшыларды, бақсы-балгерлерді, ұмытылып бара жатқан есімдерді қайта зерттеуіміз керек. Өз басым, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр елді иемденген халықтың емшілері болмаған дегенге сенбеймін.

Әлемдік әдебиетте Фридрих Шиллер, Артур Конан Дойл, Коба Абэ, Уильям Со­мерсет Моэм, Владимир Даль, Антон Чехов, Михаил Булгаков, Василий Аксе­нов, Григорий Горин сынды жазушылар әдебиетке келер алдында дәрігер болғандар. Ал бізде аз... Мен білетін Зейін Шашкин мен Советхан Ғаббасов. Сосын ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Күләш Ахметова ғана. Мемлекеттік сыйлық демекші, аталған марапат туралы менің ойым мүлдем өзгерді. Біздегі осы атақ-абырой дәрігер мен фельдшерлерге, медбике мен санитарға, жедел жәрдем жүргізушісіне неге берілмейді? Неге аз?... Көкесінің ақшасына 3 клип түсірген жа­ңа жұлдыздар да, менің әріптестерім де армансыз екен. Әр жыл сайын желтоқсанда әр салада қуанатындар аз емес. Бірақ облысты былай қояйық, алыстағы ауданның, ауылдағы медпункттің бір дәрігері не бір фельдшері осындай атақ алды ма? Мен естіген емеспін. Мына көрінбес соғыстың белгісіз батырлары болашақта да осылай жүре бере ме? Неге бізде «Халық дәрігері», болмаса «Үздік дәрігер» деген атақ-абырой жоқ. Неге осы салаға келгенде тарылып қалдық? Басқа-басқа академик, бүгінгі күні ауырып жатқан Камал Ормантаев, болмаса Абай Байгенжин сияқты дәрігерлер неге «Еңбек Еріне» лайық емес? Осындай дарынды, еңбегі сіңген дәрігерлер бізде баршылық. Және ол атақтан мемлекет ұтпаса, ұтылмайды. Керісінше дәрігер-фельдшерлерді мара­паттау мыңдаған жандарға стимул болар еді. Осы тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мына індетке бай­ланысты алдыңғы шепте жүрген дәрігер­лердің жалақысын көтерді. Өте дұрыс! Менің ендігі тілегім, ойым – осындай жалақыны Қазақстандағы барлық дәрігерлерге, фельдшер, медбикелерге жасаса, нұр үстіне нұр болары хақ. Және дәл осылай мардымды деңгейде қалса екен деймін. Мысалы, менің білетінім – әлемде ең үлкен жалақы алатын мамандардың қатарына дәрігерлер мен заңгерлер жатады. Олардың шайлығы – біздің дәрігерлеріміздің айлығындай. Жарайды. Кеңес кезін айтпай-ақ қояйын, соңғы 30 жылда біздің елде ең көп маман­дық иелері заңгерлер мен экономисттер екен. Мемлекеттік, жекеменшік жоғары оқу орындарында гранттың кө­бісі осы салаға жұмсалды. Ал содан білім алып, дүрілдеп шыққан кім бар? Қай заңгерді ел біледі? Қай экономист әлемге, қала берді Қазақстанға қандай жаңалық ашты? Егер статистикаға қарасаңыз, әр дәрігерге 5-6 заңгерден немесе экономистен келеді. Бұл аздай, бір кездері медициналық оқу орындарында педиатрияны оқыту бөлімін жауып тастады. Неге жапты? Одан не ұттық? Білмеймін... Білетінім – академик ағамыз Камал Ормантаев жылап жүріп сол мамандықты қайта аштырғаны.

Әлгіндегі жалақы жайлы... «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп Абай айтпақшы, бір саланы айта кетейін. Ол – спорт. Елдегі легионер-спортшылардың жалақысын көргенде жылағың келеді. Ал егер Голливудты айтсам – сенбейсіз. Ол тек түске кіретін сома. Мысалы, кезінде «Қайратқа» келген Андрей Аршавиннің жалақысы 1 жылда 1,5-2 млн доллар болса, Жерар Гоудың гонорары 2 млн еуродан төмен түспейді. Ал хоккей ше? Олардың бір айлық жалақысы 60 мың еуродан 100 мың еуроға жетіп, бір жылда 1300 000 еуродан – 1 800 000 еуроға дейін жетеді. «Астана» велоспортын айтпай-ақ қояйын. Бұған не дейсіз? Аршавин болмаса, Жерар Гоу 1-2 жыл доп тепті. Ақша алды да кетті. Қайран қазағым-ай! Осыншама қы­руар ақшаны неге біз медицинаға бөл­медік? Иә, әрқайсысы әртүрлі сала. Ақылға салғым келсе де, шыдай алар емеспін. Өйткені қалай болған күнде де ол қаржы мемлекеттің бюджетінен, яғни біздің қалтамыздан түскен ақша емес пе? Осыны түсінетін кім бар? Кімге барып жылайын? Бұл тек спорт қана емес, кинофестиваль де сол. «Біздің фестивальге пәлен жұлдыз келді» деп сонау Голливудтан, болмаса Еуропадан 1-2 күнге келетін жұлдыздардың қаламақысы түске кіреді. Анам жарықтық «Өлім – байдың малын шашады, кедейдің артын ашады» дейтін. Міне, бізде сол күйге түстік. Бізде маска-бетперде, ин­фек­цияға арналған арнайы костюмдер тігетін фабрика жоқ екен. Өкпені жасанды желдету құралын айтпай-ақ қоялық. Қазір қайда қарасаң да «ілдәлдалап» отырған ел. «Жыртық үйге – тамшы жау» дегендей, мұнайдың да мәселесі қиындап кетті. Әсіресе қазіргі соққы бізге қатты батты. Осы індет­пен күресіп жүрген алдыңғы шептегі жан­дардың жан ұшыра айқайлаған үндері бірде жетсе, бірде жетпейді. Түсінем де қынжылам... Әнеукүні қарасам фейсбукте бір жас дәрігер жігіт жыларман боп сөйлеп тұр. Айтқанына қосылам... Сондықтан да бұл сөзімді соған арнадым.

Берілме, бауырым! Мойыма жігітім! Атаң қазақ талай-талай шайқасты басынан өткізген. Тарихта небір қиын-қыстау шақтар, ел басына күн туған замандар болған. Сондай зар заманнан біздей ұрпақты аман-есен сақтаған сол сенің ата-бабаң... Сен сол батыр елдің ұланысың! Көп­пен көрген ұлы той. Иә, білемін... Шар­шадың... Бауыржан Момышұлы да дәл қазіргі сенің жасыңда ел қорғаған. Сен де сондай азаматсың. Қасым ақын айтпақшы, «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп бұл індет те өтер-кетер. Ел есін жияр. Және сен шетелге кетем деме. Бұл сенің Отаның... Бұл жерде сенің ата-ба­баңның зираты жатыр. Бұл тек бізді ғана емес, әлемді жаулаған пандемия. Адамзат аман болса, бұған да бұғау табылар. Сен жеңісті күндерде маңдайың жарқырап, ортамызда еркелеп жүретініңе мен сенем. Өйткені біздің сенеріміз де, сүйенеріміз де сендерсіңдер. Әлі-ақ сендер жайлы «Ақ халатты азаматтар» туралы өлең де, поэма да, повестер де жазылады, фильм­дер тү­сіріледі. Мен оған бек сенем. Және сө­зім­нің соңын Мұқағалидың өлеңімен бітірейін:

Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын.

Қане, қалай жағдайың, баяндағын.

...Тәжірибе мектебін өтіп жүрсең,

Дәрігерлік кәсіпке таянғаның.

Таянғаның, қарағым, таянғаның,

Адам үшін барыңды аянбағын.

Адам тұрар алдыңда, ұмыт болар,

Өліктер мен сойылған қояндарың.

Енді алдыңда тұрады тірі жандар,

Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар...

Қимылдамай кірпігі жатса-дағы,

Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар!

Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде,

(Ақыл айтып кеттім-ау желіктім бе?)

Өлгендерді тірілтем деп ойлаған,

Денесінен жан ізде өліктің де.

Жолың болсын, бара ғой, айналайын,

Айналайын, қорғаушым, қарғадайым!

Кәсібіңе мен сенің басымды ием,

Басымды ием, несіне арланайын...

 

Құрметпен,

Талғат ТЕМЕНОВ