Ақмола облыстық әдебиет және өнер мұражайында Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» кітабының шағатай тіліндегі түпнұсқасы сақталған. Бұл туралы «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасы хабарлады.
Кеңес дәуірінде жасырын сақталған бұл кітапқа осыдан бес жыл бұрын ғалымдар зерттеу жүргізген екен. Оның нәтижесі бойынша құнды дүниенің XVI ғасырда жазылғаны белгілі болды. Жалпы, елімізде «Диуани Хикметтің» 3 данасы бар. Оның бірі Түркістан қаласындағы мұражайда, ал екіншісін Шығыстану университетінің ректоры Париж елінен әкелді, үшінші кітап біздің мұражайда сақтаулы тұр. Бұл кітаптың ерекшелігі, орта ғасырлық жазба әдебиет тілі шағатай тілінде жазылған. Қазір мұны Астана қаласындағы Иманғазы Нұрахметов бастаған ғалымдар аударып болды. Енді таяу арада баспаға ұсынатын боламыз», - дейді облыстық әдебиет және өнер мұражайы директорының орынбасары Гүлзайра Сәбитова.
Бізге белгілісі, көне дәуірден сақталған 90 беттік кітап бұқар парағынан жасалған екен. Сондықтан ондағы жазбалар сол қалпында сақталыпты.
Данияр Түймебай.