Төтенше жағдай кезінде кірістің жоғалуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындау шарттары туралы, жалған ақпарат бергені үшін жұмыс берушілер мен азаматтардың жауапкершілігі жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
«Өкінішке қарай, соңғы 4-5 күн бойы 42500 теңге алғандарды қылмыстық тұрғыдан жазалайды деген әңгіме айтылып жатыр. Бірде-бір адам 42500 теңгені алғаны үшін, тіпті, жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық», - деді министр Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ министр ешкімді тексермейтінін атап өтті.
«Елімізде осы Төтенше жағдай орын алмағанның өзінде халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақының мөлшері төмен. Зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі көп емес. Сондықтан көпшілік осы төлемді алсам деген ойда. Осыған дейін де айтқанымдай, біз жаппай ешкімді тексермейміз. Жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер болсын, ешкімнің үйін аралап тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге төленді ме, алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да, бізді тексереді»,- деді министр.