Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» үш айда жүргізілген жұмыстардың қорытындыларын шығарды. Осы уақыт аралығында орталық мамандары ел өңірлеріндегі жолдарға 1398 сапар жасап, 1522 олқылықты анықтады. Олқылықтардың біраз бөлігі автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстау сапасының төмендігіне қатысты.
Осылайша, орталықтың көшпелі зертханалары республикалық маңызы бар жол учаскелеріне 1294 сапар жасады. Зертханалық жұмыстар жүргізілген жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 27 мың шақырымнан асады. 3 айдың ішінде республикалық маңызға ие жолдарда 582 нысан тексерілді. Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде нысандардың талаптарға сай емес екендігі анықталды. Анықталған олқылықтардың саны – 1386. Осы ретте мердігер ұйымдарға 579 хат жолданды.
Сондай-ақ, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында жергілікті автомобиль жолдарының 4500 шақырымы тексерілген болатын. Зертханалар мұндай жолдарға 104 сапар жасап, 136 олқылықты анықтады.
Еске салайық, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде 2019 жылы 16 «ОблЖолЗертхананы» РММ біріктіру арқылы құрылған болатын. Оны құрудағы мақсат – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау.
Айта кетейік, өз жұмысының алғашқы жылында Орталық жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен құрылыс материалдарының сапасын сараптау мақсатында орындалған жұмыстардың аясында ел жолдарына 8 мыңнан астам сапарды жүзеге асырды. 5 мыңнан астам олқылық анықталды, құрылыс материалдарынан 12 мыңнан астам сынама алынып, сыналған болатын.
Биыл кәсіпорын Қазақстан жолдарының сапасын бақылау шараларын күшейте түспек.