• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Қыркүйек, 2013

Мұнай құбыры – облыстар дамуына септесін

318 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай құбырына қатысты мәселені талқыға салды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай құбырына қатысты мәселені талқыға салды.

Заң жобасының толық атауы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын дамыту және пайдалану кезіндегі ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады. Ол бойынша Мұнай және газ министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов баяндап берді.

Одан мәлім болғандай, мұнай құбырын дамыту мен пайдалану жөніндегі жобаны Қазақстан Республикасының Үкіметінен – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ, ал Қытай Республикасының Үкіметінен – Қытай Ұлттық мұнай-газ корпорациясы жүзеге асыратын болады.

Тараптар уәкілетті ұйымдар мүдделерінің теңгерімін сақтауды ескере отырып, «МұнайТас» солтүстік-батыс құбыр компания­сы» АҚ пен «Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС-нің активтерін Қазақстанда тіркелген, жұмыс істеп тұрған немесе жаңадан құрылған бір заңды тұлғаның меншігіне біріктіру немесе өзге нысанда бірлескен қызметті жүзеге асыру мүмкіндігін уәкілетті ұйымдардың қарайтынымен келіскен.

«Қазақстан – Қытай» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау жөніндегі қызметтердің тарифі мұнайдың «Қазақстан – Қытай» мұнай құбыры жүйесіне кіру нүктесіне қарамастан, бірыңғай болып табылады және мұнай тасымалдау маршрутының ұзақтығы есепке алынбай белгіленеді деп көрсетіліпті. Аталған мұнай құбыры арқылы шикізатты еліміздің ішкі нарығына беру тарифін Қазақстан заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары бекітеді, алайда, ол экспорт тарифінен аспауға тиіс.

Жоба шеңберінде көзделген нысандар пайдалануға берілгеннен кейін және «Қазақстан – Қытай» мұнай құбыры бойынша Атыраудан мұнай тасымалы басталғаннан кейін мұнай беру кестесін тараптардың құзыретті органдары жыл сайын келіседі. Осы ретте Қазақстан тарабы ішкі нарықта ресурстардың жетіспеушілігіне әкелетін мән-жайлар туындаған жағдайда тиісті құзыретті орган арқылы жыл сайынғы кестені түзетіп, өзге тараптың уәкілетті органын хабардар ете отырып, мұнайды тасымалдаудың ай сайынғы кестесіне өзгерістер енгізуге құқылы екендігі де көрініс тапқан.

Осы ретте Атасу – Алашаңқай құбыры арқылы жылына мұнай тасымалын 20 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отырғандығын да айта кеткен жөн.

Министрдің міндетін атқарушының сөзіне қарағанда, шикізаттың мұнай құбыры арқылы Павлодар мұнай өңдеу зауытына жеткізілуі қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыруға, еліміз арқылы мұнай транзиті үшін құбырлар әлеуетін пайдалануға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызылады деп күтілуде. Ең бастысы, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізетін болады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Виктор Рогалев құбыр өтетін жол бойындағы инфрақұрылымдардың дамуы ерекше қарқын алатынына назар аударды. Оның мәліметіне қарағанда, 8 қосымша сорғылық айдау стансаларының құрылысы жүргізілетін болады. Мұнай құбыры өтетін Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының дамуына серпін береді деп күтілуде. Бұдан басқа, қосымша 1000 жұмыс орны ашылатыны да көлденең тартылды. Депутаттар заң жобасын мақұлдады.

Сондай-ақ, жалпы отырыс­та палата бюджет заңнамасын жетілдіру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру шартына қатысты заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімін бекітіп берді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар