Аудан әкімдігінің мәліметінше, барлық ауылдық аумақтарға «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басшылығы бағасы арзан азық-түлік тауарларын жеткізуді ұйымдастырды.
Алдағы уақытта да «Біз біргеміз» шарасы жалғасады. Яғни, ауылдарға тұрғындар сұранысы бойынша 50 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер: ұн, күріш, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, картоп, сәбіз, жұмыртқа әкелінді.
Ал, Майқайың кентінің тұрғыны, «Гравелит» ЖШС-ның бас директоры Тимур Қабдолов 30 тонна картоп, 8,5 тонна сәбізді жеткізді.
Картоптың келісін 50 теңгеден, сәбіздің келісі 70 теңгеден сатылды.
Жалпы, шара барысында ауылда тұратын 17 әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыға азық-түлік, 188 мың теңге ақшалай көмек көрсетілді.
Сонымен қатар Майқайың кентінде 74, Баянауыл ауылында 29 отбасына көмір түсіріліп берілді.
Сондай-ақ «Қамқорлық» шарасы аясында аудан орталығы Баянауыл ауылының әкімі Ризабек Мұқашев көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға демеушілік есебінен әлеуметтік маңызы бар өнімдерді табыстады.
- Кәсіпкерлерге, демеуші болған азаматтарға отбасылар алғыстарын білдіруде. Еліміздегі Төтенше жағдай кезінде ұйымшылдық пен әлеуметтік жауапкершіліктің маңызы қашанда зор. #бізбіргеміз , - дейді тұрғындар.
Осындай жұмыстар ауданның Ұзынбұлақ, Жаңатілек, Қаратомар және Күркелі ауылдық аумақтарында да жалғасты.
Аудан еріктілер тобы, шаруа қожалықтары бірлесіп, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектерге азық-түлік жиынтықтарын жеткізуде.
Павлодар облысы