Маңғыстау облысының орталығында бұған дейін 11 шағынаудан 10 үй және 14 шағынаудан 38 үй мекенжайлары бойынша екі үйдің подъезі сыртынан бекітілген болатын. Оларда тұратын кейбір тұрғындар вирустық инфекция жұқтыруы себепті стационарға жіберілді. Ақтау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асима Жарылғасова аймақтық Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында онлайн форматында өткен арнайы брифингте қазіргі ахуалды баяндап берді.
- 11 шағын аудандағы 10 үйдің үшінші подъезі карантин мерзімі аяқталуына сәйкес ашылды. Мұнда тұратын адамдар төтенше жағдай тәртібі бойынша қала ішінде өздігімен қозғала алады. Бұл мекен-жай жабылғалы бері ешкім дерт жұқтырған жоқ. Оқшаулаудың басты артықшылығы да осында. Әлгі подъездің 1-5 қабатына дейін санитарлық тазалау жасалды. Вирус жұқтырған адамдардың пәтерлері залалсыздандырылды. Жалпы бұл үйден бастап 10 метрге дейін жер аумағы толық дизенфекцияланды, - деді ол.
Сондай-ақ бүгін 14 шағын аудандағы 38 үйдің подъезі де карантиннен ашылды. Қазіргі уақытта облыс аумағында 370 адам дәрігерлердің бақылауында. Он азамат өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасында стационарда ем қабылдап жатыр. Екеуі сауығы себепті үйлеріне жіберілген.
Ал провизорлық госпитальда 52 адам жатыр. Обсервациялық орында 61 тұрғын жатыр. Тағы 247 адам үй карантиніне алынған.