Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев әріптесі – Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі Д.Кобылкинмен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізді. Бұл туралы М.Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, тараптар трансшекаралық су нысандары жөніндегі ынтымақтастық мəселесін талқылаған.
«Орал өзенін сауықтыру жөнінде сарапшылық орган құру туралы шешім қабылдаудың сəті түсті. Бұл ретте ғалымдар өзеннің экожүйесін сауықтыру жəне су арнасын болжамдау жөніндегі екі мəселе бойынша жұмыс істейді. Органның құрамын 20 сəуірге дейін анықтау келісілді», деп жазды М.Мырзағалиев.
Сондай-ақ Жайық жəне Ертіс өзендерін эко-сауықтыру бағдарламасын, Жайық өзенінің гидрологиялық режімін тексеру мəселесін талқылаудың сəті түскен.
«Бұл жұмыстар Президент тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Атқарылатын істерді қазақстандық-ресейлік салалық комиссия шеңберінде жандандыру келісілді», деп атап өтті еліміздің Экология министрі.
Бұл уағдаластықтар екі елдің су шаруашылығындағы ынтымақтастығын жандандырып, трансшекаралық су нысандарының эко-ахуалын жақсартуға арналған. Бұдан басқа, тараптар Қазақстан мен Ресей 17-аймақаралық ынтымақтастық форумының шеңберінде қол қою жоспарланып отырған екіжақты құжаттардың жобасын талқылап, оларды келісу процесін жеделдетуге уағдаласты.