• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Сәуір, 2020

Майданға танк жіберген

551 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тылдың ауыр еңбегі де елдің мәңгілік жадында. Тыл еңбеккерлері сол бір аласапыран кезеңде «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» ұранымен майдандағы жауынгерлерге барынша қолдау көрсетті.

Менің анам Бақытжамал қазір 81 жаста. Балалық шағы соғыс уақытымен тұспа-тұс келген анам есінде қалғандарын, әжеміз Кәбзияның тылдағы ауыр еңбек бейнетін көргенін үнемі бізге айтып отырады. Бүгін міне ол кісінің Ғаббас атамыз туралы айтқан әңгімесі есіме түсіп отыр...

Соғыс жылдары «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» ұранымен Ғаббас Ыды­рысханов бастаған тыл еңбек­керлері қазіргі Аққулы ауданынан майданға киім-кешек, азық-түлік жіберуге көп үлес қосқан.

Ғаббас атаның қызы Дәмет­кеннің айтуынша, соғыс жылдары әкелері қазіргі Аққулы ауданында колхоз төрағасы болып қызмет атқарған.

– Әкеміз 1943 жылдың 19 қаңтарында Кеңес өкіметінің Қор­ғаныс қорына танк алу үшін 100 мың сом жіберген екен. Мем­лекеттік банктің №350 есептік квитанциясы, Сталиннің қолы қойылған Алғыс хат облыстық музейде сақтаулы, – дейді Дә­меткен Ғаббасқызы.

Музейдің сарғайған құжат­тарында 1942 жылы павлодар­лықтардан майдандағы жауынгерлер 1264 сәлемдеме алғаны жайлы мәліметтер бар. Майданға 10360 жұп пима, 4190 шолақ тон, 10709 тымақ, 1639 тері желет­келер, 10 мың жұптан аса тері қолғаптар, мақта фуфайкалар мен шалбарлар және басқа бұйымдар жіберілген.

Сол жылдары Қайырбек Баженеев, Жақия Жаңатаев, Ғаббас Ыдырысханов сынды колхоз басшыларының әрқайсысы қорғаныс қорына 100 мың сом­нан астам ақша аударады. Кейін Ғаббас Ыдырысханов басқарған «Соревнование» колхозшылары Қор­ғаныс қорына 25 мың сом, 21 мың пұт астық тапсырған.

Тарихи құжаттарға үңілсек, 1952 жылдың 23 сәуірінде Бронетанк және механизация­лау бөлімінен Кеңес әскері шта­бы арқылы хат келген. Хатта Ғаббас Ыдырысхановтың май­дан­ға жіберген қаражаты ар­қылы құралған танк бірнеше рет шабуылға шыққаны, оның жөндеу жұмыстарынан өтіп басқа әскери бөлімдерге берілгені туралы жазылған. Штаб басшысының орынбасары, ішкі әскер генерал-майоры М.Зелинский де алғыс білдірген.

Бүгінде Ғаббас Ыдырыс­хановтың 1919 жылы Қызыл әскер қатарында болғаны, басқа да құжаттары, марапаттары Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қо­рында сақтаулы тұр.

Қызы Дәметкеннің айтуын­ша, әкелері өте қарапайым, ме­йірімді, ел-жұртына жанашыр адам болыпты. Отбасындағы 9 баласына қоса, Несібелі деген қызды асырап алған екен.

Қазіргі уақытта Ғаббас ата­мыздың ұрпақтары Павлодар облысында тұрады. Бүгінде біздің кейіпкеріміздің 26 жиені, 8 немересі ержеткен.

 

Павлодар облысы,

Аққулы ауданы