Облысымызда волонтерлер қарттар мен мүгедектерге азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп, індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге, блок-бекеттерде тұрған полицейлер мен әскерилерге қолдау көрсетуде.
Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, қазір өңірде 1000-ға жуық волонтер түрлі шараларға атсалысуда. «Оның ішінде Өскеменде – 110, Семейде – 70 адам азық-түлік тасымалымен айналысуда. Олар медициналық маскалармен, колғаптармен, қорғаныш костюмдерімен және антисептиктермен толықтай қамтамасыз етілген. Волонтерлер қатарына қосылғысы келгендер облыстық Жастар ресурстық орталығына хабарласып жатады. Қазіргідей Төтенше жағдай кезінде волонтерлер талай игі шараларға білек сыбана қатысып жатыр. Атап айтқанда, қарттар мен мүгедектерге ең қажет заттарды үйге дейін жеткізіп беруде. Оларға телефон арқылы тапсырыс берсе болғаны. Байланыс орталығының мамандары өтініштерді 07:00-ден бастап 19:00-ге дейін қабылдайды. Семей мен Өскемен қалаларына кіру-шығу жолдары жабылып, блок-бекеттер қойылған. Күн демей, түн демей еңбек етіп жүрген құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандарына, әскери қызметкерлердің иығына үлкен жауапкершілік жүктелгені айтпаса да түсінікті. Оларға қолдау көрсету мақсатында шығысқазақстандық жастар «Жылу сыйла» акциясын ұйымдастырды. Сөйтіп 15 волонтер блок-бекеттердегі қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты. Сонымен қатар еріктілеріміз тәртіп сақшыларымен бірге тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі шектеулер туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізген. Шара барысында жүргізушілерге коронавирус инфекциясынан сақтанудың жолдары көрсетілген жадынамалар таратылды. Жақын күндері «Қайырымды көршілер» акциясын қолға алмақ ойдамыз. Шынын айтқанда, волонтерлер мұқтаж жандардың барлығын анықтай алмайды. Сол үшін халыққа «Өз көшеңіздегі қазыналы қарттарға, мүгедектерге сіздің көмегіңіз қажет. Егер дүкенге бара жатсаңыз, олардың керек заттарын ала келсеңіз нұр үстіне нұр болады», деп әлеуметтік желілер арқылы бейнероликтер таратып, сауапты іске шақырудамыз. Осындай сын сағатта волонтерлер жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуде. Тіпті олардың арасында аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіп жатқандар да бар», дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысы