Оны тиімді пайдалану – басты міндет
Біз үшін басты міндет – күні ертең мемлекетті басқаратын саналы да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінде бәріміз өзгеше бір өшпенділікпен қарайтын Кеңестер Одағында еңбек адамын да, басқару тетіктерінде отыратын кадрларды дайындаудың да өзіндік үлгісі болды. Ол балабақшадан басталатын. Идеологиясы миына мысқылдап сіңірілетін. Бүгінгі ұрпақ тарих пәнінен ғана оқитын «пионер», «комсомол» ұғымдары сөзімізге дәлел-дүр. Қазір ше?
Оны тиімді пайдалану – басты міндет
Біз үшін басты міндет – күні ертең мемлекетті басқаратын саналы да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінде бәріміз өзгеше бір өшпенділікпен қарайтын Кеңестер Одағында еңбек адамын да, басқару тетіктерінде отыратын кадрларды дайындаудың да өзіндік үлгісі болды. Ол балабақшадан басталатын. Идеологиясы миына мысқылдап сіңірілетін. Бүгінгі ұрпақ тарих пәнінен ғана оқитын «пионер», «комсомол» ұғымдары сөзімізге дәлел-дүр. Қазір ше?
Өткенді осы күнге иіп әкелу аса бір пайдалы іс емес сияқты. Оның үстіне білім мен білік, жаңа технологияларды игеру, алғырлық пен алымдылық алға шығып тұр. Бұл ретте Қазақстан өз жолын тапты. Мектепке барған баланың барлығы ғалым, қайраткер, ғұлама болмасы анық. Олардың ішінде де іріктеу жүргізу керек. Өйткені, қазір бәсекенің заманы. Іріктеуден өткені іргелі жерлерде ілім алады. Ал ол – «Назарбаев зияткерлік мектебі». Мұндай атаулы мектеп ең алғаш рет 2009 жылы Астана қаласында салынды. Осы бір жақсы үрдіс солайша бүкіл республикаға таралды. Осыған дейін еліміз бойынша 13 «Назарбаев зияткерлік мектебі» бой көтерді. Ал оның 14-і Қызылордада бой көтерді. Сөз арасында айта кетейік, жуық маңда Алматыда 2 мектеп, Петропавл, Қостанай, Атырау және Ақтауда бір-бірден осындай білім ошақтары ашылмақ.
Сонымен, биылғы оқу жылына Сыр бойындағы шәкірттерге «Назарбаев зияткерлік мектебі» есігін айқара ашты. Білім нәрімен сусындататын 90 ұстаздың өзі үлкен іріктеуден соң жұмысқа алынды. Мектеп 7-11 сынып аралығындағы оқушыларды оқытады. 1 қыркүйектен бастап зияткерлік мектептің партасына 553 дарынды бала отырды. Тұңғыш Президент атын иемденген мектептің ашылу салтанатына облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ «Назарбаев зияткерлік мектебі» АҚ төрайымы Күләш Шамшидинова арнайы келіп қатысты.
Қызылорда облысында жаңа оқу жылына тағы бірнеше мектеп пайдалануға берілді. Мәселен, Қызылорда қаласының тарихында тұңғыш рет бір мезетте 4 жаңа мектеп ұстаздар мен оқушылардың игілігіне тапсырылды. Олар Түркістан көшесінде орналасқан 1200 орындық, Бірқазан ауылындағы 50 орындық мектеп және 20 орындық шағын орталық, Досан ауылындағы 100 орындық мектеп пен 20 орындық шағын орталық және Наурыз шағын ауданындағы 300 орындық мектеп ғимараттары. Бұдан өзге, 4 мектеп күрделі, 5 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. Шатырынан су кетіп, балалардың білім алуында қолайсыздық туғызып келген қаладағы 5 мектеп жөндеуден өткізілді.
Сонымен қатар, Қазалы ауданындағы Байқожа елді мекенінде 50 орындық жаңа мектеп 20 орындық балабақшасымен бірге 1 қыркүйек – Білім күні пайдалануға берілді. Осыған дейін мектеп бейімделген темір жол мекемесінің ғимаратында орналасқан еді.
Жаңа білім ордасында терең бiлiм, өнегелi тәрбие алуға барлық жағдай жасалған. 50 балаға арналған типтік спорт залы, асханасы, акт залы бар. Мультимедиялық кабинетке тиісті заманауи құрал-жабдықтар қойылған. Ең маңыздысы жастарымызды еңбекке баулу үшін ер және қыз балаларға арналған шеберханалар да салынған.
Сонымен, жаңа оқу жылында су жаңа мектептер пайдалануға берілді. Ендігі міндет сапалы білім алу мен беруде болып тұр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.