Бұрнағы күні түнде Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде футболдан Қазақстан мен Швеция құрамалары 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында кездесті. Екі жақтың тең дерліктей деңгейде өткен кездесуі қонақтардың 1:0 есебімен жеңуімен аяқталды.
Бұрнағы күні түнде Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде футболдан Қазақстан мен Швеция құрамалары 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында кездесті. Екі жақтың тең дерліктей деңгейде өткен кездесуі қонақтардың 1:0 есебімен жеңуімен аяқталды.
Тегінде, әр нәрсенің өз орны бар. Біз де тап осы матчта өз командамыздың ұта салатынына кәміл сене қойған жоқпыз. Жасыратыны не, ойын басталардың алдында жігіттеріміз тек ірі есеппен жеңіліп қалмаса екен деп тіледік. Қалай дегенде де, Швеция құрамасы Шымкенттің іргесіндегі Қарабұлақ ауылындағы жұртпен шамалас қана халқы бар Фарер аралдары емес қой. Абырой болғанда, жасағымыз бұл күні жарқылдап көрініп, қолынан келгенін жасап-ақ бақты.
Кездесуде алаң иелерін қонақтардың матчтың 28-секундында гол соғып кеткені де көп абыржыта қоймады. Соның нәтижесінде олар көп ұзамай өз бақыттарын қарсы қақпа жақтан іздеуге шындап кірісті. Ал голды біздің қақпаға Златан Ибрагимович соқты.
Матчта қазақстандықтар бұрыштама беруден де қонақтардан қалыса қоймады. Біз олардың 7 соққысына 5 бұрыштама добымен жауап қайтардық.
Ал екінші таймның басында Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп кете жаздады. Қазақстандықтар бұдан кейін де ашық белсенділік танытты.
Кездесу соңында біздің жігіттер тағы екі қауіпті шабуыл жасады. Алдымен Мақсат Байжанов шведтер айып алаңында ашық қалып, доп қабылдады. Бірақ оны ұра алмады. Келесісінде Дмитрий Шомко алыстан соққы жасады. Ойын осы қалпында соңына жетті.
Қазақта мұндайда «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген қанатты сөз көбірек айтылады. Біздің жігіттер де әлдеріне қарай шапты. Тым жаман шапқан да жоқ. Еуропа турнирлеріндегі кешегі «Шахтер» мен «Ақтөбенің» ойындары бұларды да қамшылаған сияқты. Біз осыған сүйіндік.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 11 қазан күні Фарер аралдары командасымен өткізеді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.
–––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ.