• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Сәуір, 2020

Тараздағы тұрғын үй кіреберісіндегі карантин аяқталды

347 рет
көрсетілді

Осыдан екі апта бұрын Тараз қаласы «Қарасу алқабы» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылған болатын. Аталған тұрғын үйдің кіреберісі 14 күн бойы полиция қызметкерлерінің бақылауында болған.

Оқшауланған кіреберістің тұрғындарына екі апта пәтерлерінен шығуына тыйым салынып, осы аралықта Тараз қаласының әкімдігі пәтер тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз еткен еді. Бүгін Тараз қаласының әкімдігі сол «Қарасу алқабы» шағынауданындағы тұрғын үй кіреберісінің карантиндік режимінің аяқталғанын мәлімдеді.

Карантинге жабылған тұрғындарға тек жергілікті билік қана емес, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар да қолдау көрсеткен болатын. Айта кетейік, Тараз қаласында 7 сәуір күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 86 жастағы әйел тіркеліп, науқас анықталған «Қарасу алқабы» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылған еді. Эпидемиологиялық тексеру барысында тұрғынның 17 наурыз күні Алматы қаласынан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталып, ол инфекциялық стационарға жатқызылған. Ал, онымен байланыста болған 5 адам анықталып, олар карантинге орналастырылған. Аталған тұрғын үйдің кіреберісінде және тұрғынның тұрғылықты жері бойынша дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілген. Осы кіреберістегі пәтерлерде тұратын тұрғындар 14 күнге оқшауланып, оларға үйінен шығуға тыйым салынған. Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қызметтерін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділдәнің айтуынша, бүгінде бұл кіреберісте оқшауланған 26 тұрғынның 11-і 18-ге толмаған балалар, ал 15-і ересек адамдар екен. Осы 14 күн ішінде олардың денсаулық жағдайлары жергілікті емханада бақыланып, ешқандай ауытқу белгілері байқалмаған.

«Бұл тұрғын үйде азық-түлік қажеттілігі бойынша ешқандай мәселе туындаған жоқ. Себебі, әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалды. Қант, май, жұмыртқа, көкөніс, картоп, барлығы әр азаматқа нормаға сай жеткізілді. Бір сөзбен айтқанда, қажетті қызметтің барлығы көрсетілді», дейді Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Аспандияр Сейсебаев.

Ал аталған тұрғын үй кіреберісінің тұрғыны Аягөз Майлиева «Біз санэпидқадағалау мекемесінің талаптарына сай 14 күн бойы үйден шықпай, медицина қызметкерлерінің күнделікті бақылауында болдық. Соның арқасында басқа ешкімнен вирус шыққан жоқ. Осы 14 күн ішінде қала әкімдігі мен демеушілердің көмегімен бізге күнделікті азық-түлігіміз бен ыстық тамағымыз жеткізіліп отырды. Сол үшін азаматтарға алғысымызды айтамыз», деді.

21 сәуір күні түнгі сағат 00.00-де аталған тұрғын үйде карантиндік режим аяқталды. Тұрғындар осы аралықта тексеріс пен медицина мамандарының бақылауында болды. Қатаң бақылау мен кәсіби қызметтің арқасында тұрғындар індет жұқтырудан аман.

 

Жамбыл облысы