Қазақстандық Steppe and World баспасы ағылшын ғалымдары мен неміс иллюстраторы Аксел Шэффлердің балаларға арнап дайындаған коронавирус туралы кітабын қазақ тіліне аударды.
Еңбекті әлем балаларының сүйікті кейіпкеріне айналған Груффалоны суреттеген Аксел Шэффлер және Англияның жұқпалы ауру кафедрасының мамандары Nosy Crow баспасында әзірлеп шығарды. Ал кітаптың қазақша нұсқасын құрастырған Райса Сайран Қадыр болса, ағылшын тілінен Назгүл Қожабек аударған. Кітапты Steppe and World баспасы тегін аударуға ықпал етіп, балаларға тегін таратып отыр.
Кітапта коронавирус жайындағы ақпараттар балаларға түсінікті тілмен берілген. Онда вирустан қалай қорғану керек, үйден шықпай отырғанның маңызды екені, үйде отырғанда жабығып, мұңаймауы үшін жеңіл тілде баяндалады.
Бұған дейін «Steppe & WORLD Publishing» баспасы балаларға арналған Жулия Дональдсонның «Ақын Қоян», «Груффало», Эрик Карлдың «Қомағай Жұлдызқұрт», сондай-ақ «Анна Франктің күнделігі» секілді кітаптарды қазақ тіліне аударып, шығарған. 2020 жылы баспа Жоан Роулиңтің «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын ұсынды. Алдағы уақытта «Хәрри Поттер» сериясына кіретін кітаптар оқырманға жол тартатын болады.
АЛМАТЫ