• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Сәуір, 2020

Қазақстанды қиындықтан құрылыс секторы құтқарады

177 рет
көрсетілді

Осыдан біраз жыл бұрын менің бір досым елорданың сол жағалауының ең бір көрнекті жерінен көлемі 150 шаршы метрлік тамаша пәтер сатып алды. Пәтердің әр шаршы метрі оған 4 мың долларға түскен. Яғни бағасы да бар, сапасы да бар керемет үй.

Ал енді осындай пәтеріңіздің 1 шаршы метрін біздегі BI Group компаниясы қазір бар болған 1 мың долларға салып жүр. Осы 1 мың долларлық пәтердің осыдан біраз жыл бұрынғы 4 мың долларлық пәтерден ешбір кемшілігі жоқ. Қайда тұрғын үйдің жалпы сымбаты мен пәтердің тұрмысқа жайлылығы тұрғысынан тіпті асып түсетіндей. Ал бұл жағдай еліміздегі құрылыс саласының өміршең қасиетін және оның қиындықтарға қарамастан дамуға барынша қабілетті екендігін көрсететіндей.

Сонда Қазақстандағы, соның ішінде елордадағы бизнес кластық пәтерлер бағасының мұнша төмендеу сыры неде?

Бұл сұраққа берілер жауаптың жалпы нобайы көпшілікке мәлім. Біріншіден, осы жылдар аралығында теңгеміз доллармен салыстырғанда еселеп құнсыздана түсті. Екіншіден, кезінде мұнайдың 1 баррелінің бағасы 140 долларға дейін жеткен кездері ел ішіне сол доллардың ағындап кіруінен пайда болған тұрғын үй бағасындағы көбік қазір сылынып қалды. Сөйтіп тұрын үй бағасы ел ішіндегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты ақылға сиымды деңгейде реттеле түсті. Әйтпесе өз тәуелсіздігіне бертін ғана ие болып, нарықтық экономиканы жаңа құрып жатқан Қазақстан астанасындағы пәтердің құны еуропалық дамыған мемлекеттер астаналардағы пәтерлер бағасымен теңесіп қалған тұстарымыз да болған еді.

Сонымен қатар еліміздегі жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің өзіндік құны мен олардың нарықтық бағаларының айтарлықтай төмендеуіне жағымды ықпал еткен тағы бір елеулі фактор – аздаған жылдардың өзінде құрылыс технологияларының қаулап дамуы болды. Бұл жағдай да құрылыстың өзіндік құнының төмендеуіне үлкен әсерін тигізді. Әйтпесе, кезінде елордада әр шаршы метрінің нарықтық бағасы 4 мың долларға дейін шарықтаған тұрғын үй құрылысы енді сол баға 1 мың долларға дейін, яғни шамамен төрт есе құлдыраған қазіргі тұста мүлдем тоқтап, тоқырап қалған болар еді ғой.

Жоқ, тоқтағанды қойып қазір тіпті қарқын ала түскендей. Тіпті оны қолда бар көрсеткіштерге қарап, өзіміз орналасқан өңірде ғана емес, тұтас ТМД елдері арасында алдыңғы орныда деп атасақ та болғандай. Ол үшін мына көрсеткіштерге назар аударып өтейік:

Еуразиялық экономикалық одақтың атқарушы органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның 2019 жылдың 1 қарашасына дейінгі дерегі бойынша ЕАЭО елдеріндегі 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 122,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл 2018 жылдың аталған мерзіміндегі көрсеткіштен 1,3 пайыз жоғары. Арменияда 351,1 млн доллардың, Қырғызстанда – 725,2 млн доллардың, Беларусьте – 4 млрд 454,1 млн доллардың, Қазақстанда – 8 млрд 702,1 млн доллардың,  Ресейде – 107 млрд 868,5 млн доллардың құрылыс жұмыстары атқарылған.

Енді құрылыс саласының даму көрсеткіштеріне келсек, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында құрылыстың дамуы 2018 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда Армения – 99,3 пайыз, Беларусьте – 99,9 пайыз,  Қырғызстанда – 100,6 пайыз, Ресейде – 100,4 пайыз құрағанда, Қазақстанда – 112,7 пайыз болған. Яғни еліміздегі құрылыс саласы қарқынды дамуын одан әрі жалғастырған.

Бұл – жалпы құрылыс көрсеткіштері. Ал енді тұрғын үй салу жағдайына келсек, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында Арменияда – 138,3 мың, Қырғызстанда – 873,4 мың, Беларусьте – 2 млн 882,4 мың,  Ресейде – 55 млн 123,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынғанда, Қазақстанда 9 млн 795,7 мың шаршы метр үй салынған. Бұл бүкіл одақ көлеміндегі салынған үйлердің 14,2 пайызы Қазақстанның үлесіне тигендігін білдіретін жақсы көрсеткіш.

Елімізде құрылыстың қарқын алуының тағы бір себебі ел адамдарының тұрғын үйге деген сұранысының әлі де жоғары болуы. Жылжымайтын мүлік сауда-саттығымен айналысатын агенттіктердің мәліметіне қарағанда, өткен жылы елімізде пәтер сату және сатып алу операцияларының саны 10 пайыз артқан. Яғни жылжымайтын мүлік нарығы жандана түскен. Сарапшы мамандар бұл жанданудың түпкі себебі ел экономикасының дамуы мен жастарға және халықтың әлсіз топтарына, бюджет қызметкерлеріне жеңілдікті несие беретін «Бақытты отбасы», «7-20-25» секілді әлеуметтік бағдарламаладың іске қосылуымен байланысты екендігін айтады.

Тұрғын үйлерге деген сұранысты сақтау үшін, әрине, бірінші кезекте құрылыс саласының алдындағы проблемаларды шешуіміз қажет. Соның басты бірі құрылыс материалдары  өнеркәсібін жандандыру мәселесіне қатысты. Елімізде құрылыс материалдарының көптеп шығарылуы тұрғын үйлер бағасының төмендеуіне алып келетіндігі анық. Өкінішке орай, осы мәселе толық шешілмегендіктен біздегі ірі құрылыс компаниялары өздеріне қажетті заттардың көпшілігін шет елдерден тасымалдап келеді. Ол материалдар көбінесе доллармен сатып алынатындықтан бұл тұрғын үйлердің өзіндік құнының қымбаттауына әкеледі.

Ұзақ жылдардан бері құрылыс саласында жұмыс істеп келе жатқан құрылыс ұйымының басшысы, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ сарапшысы Серікбай Омарқас жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердегі қазақстандық құрылыс материалдарының үлесі әрі кеткенде 45 пайыздан аспайтындығын айтады. «Қазақстандық құрылыс материалдары тұрғын үйдің сұлабасын тұрғызған кезде ғана қолданылады. Олар – құм, цемент, бетон, газоблок секілді дүниелер. Сондай-ақ кейбір жеңіл-желпі әрлеу материалдары өз ішімізде шығарылуы мүмкін. Бірақ олардың өзін мықты құрылыс ұйымдары қолдана бермейді. Көбін шетелдерден алдырады. Өйткені, басқаны былай қойғанда, құрылыстың сыртын қаптап көркем келбет беретін сәнді кірпіштердің өзін дұрыс шығара алмай, көбінесе Ресей мен Украинадан тасымалдаудамыз ғой.  Ал электр мен сантехникалық күрделі құралдарды өзімізде шығаруға шамамыз келмей отырғаны айтпаса да түсінікті. Негізінде шамамыз келмейді емес, келеді. Бірақ оған білім мен тәжірибеміз және мемлекеттің аталған істі дамытуды тұрақты түрде қадағалауы мен қолдауы әзірге жетіспей отыр. Осы мәселелерге көңіл бөлу қажет-ақ. Өйткені құрылыс материалдары өнеркәсібіндегі іс мұнсыз алға баспайды» дейді.

Сондай-ақ ол құрылыс саласының еліміз үшін жан-жақты маңыздылығына тоқтала келе: «Қазақстанға құрылыс министрлігі қажет, қаптаған министрліктің біреуін қысқартып, оның орнына құрылыс министрлігін ашу керек. Егер құрылыстың өзі жеке сала болып отау тіксе, оның әлі күнге дейін ескерілмей келе жатқан мәселелерінің түбіне дейін бойлап, дұрыс шешім қабылдау жағы жақсарар еді» деген ұсынысын жеткізді.

 Әрине, бұл тұрғын үй құрылысының құнына әсері бар бір мәселе болса, сондай-ақ құрылысшылардың толғандыратын басқа мәселелер де баршылық. Олар – тұрғын үй құрылысын жүргізетін жер телімдері және олардың инженерлік желілеріне қатысты мәселелер. Осы ретте құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан елорда жағдайына тоқтала кетейік.

Нұр-Сұлтан қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісовтің айтуынша, қазіргі кезде құрылыстың қарқынды дамуына орай оларды коммуналдық желілермен қамту мәселесі өткір сипат алуда. Құрылысқа бөлінетін жер телімдерінің басым көпшілігі аукциондарға қажетті инфрақұрылымдармен қамтылмастан шығарылуда. «Осы қиындыққа байланысты құрылыс жүргізушілер құрылыс нысанын дер кезінде пайдалануға бере алмай жатады және оны желілерге қосу немесе дербес жылу көзімен қамту үшін қосымша шығындар жұмсайды, тіпті жұмысты уақытында атқармағаны үшін жерден айырылып қалуы да мүмкін. Сондықтан аукционға тек инженерлік желілермен қамтылған жерлерді ғана шығару туралы ұсыныс айтпақпын. Ал инженерлік желілер болмаған жағдайда кәсіпкерлерге коммуникацияларды жүргізу құқын бере отырып, мемлекет осы үшін жұмсалған шығындарды өтеп беру міндетін мойнына алғаны жөн болар еді» дейді ол.

Осындай проблемалар Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен сейсенбі күні өткен Үкіметтің селекторлық отырысында да қамтылды. Онда құрылыс саласын нығайту жолдары қаралды.Негізінен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іске асыруға екпін түсірілді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәлімдеуінше осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, аз қамтылғандар мен жастар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатарынан 32 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен қамтамасыз етіледі.  

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы аясында қазіргі кезде отандық құрылыс индустриясы бойынша 178 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылып жатыр (шыны, арматура, санфаянс, керамика тақташалары, лак бояуларын шығару). Оларды іске қосу тұрғын үй құрылысында  қазақстандық үлесті 95%-ға арттыруға және 8 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

«Қазіргі жағдайдағы  Үкіметтің ең маңызды міндеті – құрылыс қарқынын ұлғайту, халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру.  Бүгінде құрылыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді» деп атап өтті Үкімет басшысы А. Мамин осы мәселе туралы сөзінде. Ол құрылыс саласының экономиканың негізгі драйверлерінің бірі екенін тағы да еске салды. 

Премьер-Министр құрылыс маусымын уақытында бастауды, жоспарланған тұрғын үй көлемін беруді және бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы отырыста берілген тапсырмаларға орай енді әкімдерге құрылыстың жедел қарқынын қамтамасыз ету, қаржыландыру жоспарларын түзету және бұған дейін мәлімделген мерзімдерді қайта қарау, сондай-ақ құрылыстың мәлімделген көлемі бойынша барлық жобалық құжаттаманы әзірлеуді тездетіп аяқтау қажет. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс индустриясы жобаларының уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуі және отандық жаңа өндірістерді құру жұмысын жандандыруы керек.

Ойлап қарасаңыз, еліміздің құрылыс саласы экономикамыз қиындыққа душар болған осындай сәтте оған қосымша күш беруге барынша жәрдемдесе алады. Құрылыс саласының бұған барынша қабілетті екенін фактілер де айғақтайды. Статистика комитетінің мәліметінде өткен жылы экономиканың негізгі салалары арасында құрылыс саласының дамуы басым сипатқа ие болғандығы көрсетілген. Мәселен өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 2018 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауыл, орман және балық шаруашылығы – 100,9 пайыз,  өнеркәсіп – 103,8 пайыз, көлік – 105,1 пайыз, байланыс – 105,2 пайыз, сауда – 107,6 пайыз даму көрсеткішін көрсеткенде, құрылыс саласының даму деңгейі – 112,9 пайыз болды. Бұл құрылыс саласының 2019 жылы бәрінен де жоғары қарқынмен дамығандығын көрсетеді.

Демек, бізге осындай шақта тоқтаусыз жұмыс істеуге қабілетті құрылыс компанияларына барынша жағдай туғызып, олардың алдындағы кедергілерді толық сыпыру керек.

Егер әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, экономиканың басына қиындық үйірілген кезде көптеген елдер құрылыс саласын дамытуға екпін түсіреді екен. Мәселен өткен ғасырдың отызыншы жылдары Америка халқы өз басындағы әлеуметтік-экономикалық күйзелісті құрылыс саласын жандандыру арқылы еңсерген болатын. Сол тұста АҚШ-та көптеген тұрғын үйлер тұрғызылды, автокөлік жолдары мен көпірлер салынды. Соның нәтижесінде ел экономикасы бұрынғыдан да ауқымды даму мүмкіндігіне ие болды. Енді осындай сынан өткен тәжірибені іске қосу Қазақстанға да қажет болып тұрғандай.