Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Атырау қаласына гастрольдік сапармен жүргелі отыр. Үлкен жолға әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатқан Әкемтеатрдың бұл өңірге осыдан 12 жыл бұрын жолы түскен екен. Биылғы гастрольдік сапардың шымылдығы – Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында ашылады.
Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Атырау қаласына гастрольдік сапармен жүргелі отыр. Үлкен жолға әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатқан Әкемтеатрдың бұл өңірге осыдан 12 жыл бұрын жолы түскен екен. Биылғы гастрольдік сапардың шымылдығы – Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында ашылады.
– Бұл жолы мақсатымыз – Атырау өңірі көрермендерімен кездесіп, олардың алдында есеп беріп қайту, – дейді театрдың кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев
Теңіз жағалауындағы көрермен назарына театр 9 қойылым ұсынатын болады. Олар – «Бейбарыс Сұлтан» (Р.Отарбаев, режиссері Ю.Ханинга-Бекназар), «Ымырттағы махаббат» (Г.Гауптман, режиссері Р.Андриасян), «Жаужүрек» (Д.Исабеков, режиссері Е.Обаев), «Империядағы кеш» (С.Асылбекұлы, режиссері А.Кәкішева), «Тендерге түскен келіншек» (М.Сәрсеке, режиссері О.Кенебаев), «Үміт үзгім келмейді» (Н.Келімбетов, режиссерлері Е.Обаев, Т.Аралбай), «Аршын мал алан» (Ү.Ғаджыбеков, режиссері Т.әл-Тарази), «Ұлы мен ұры» (Т.Әбдіков, режиссерлері Е.Обаев, Е.Нұрсұлтан) және «Қыз мұңы» (И.Сапарбай, режиссерлері Е.Обаев, Т.Аралбай) спектакльдері.
Сөз ретіне орай, театрда қазіргі қазақ драматургиясының озық деген туындылары түгелдей дерлік қойылып жүргендігін айтуға болады. Ұжым талантты жастармен толығуда. Гастрольдің жұмыстарын ұйымдастыруда «Көрермен» агенттігінің» қызметкерлері жарнамалық жұмыстарын жан-жақты жүргізуде. Мәселен, театр өкілдері баннер, афишалардың бұрын-соңды болмаған жарнамалары Атырау қаласының орталық көшелеріне ілінгендігін айтады.
Соңғы кездері театрдың гастрольдік жүйесі қайта жанданып келе жатқаны байқалды. Бұған дейін де Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен театр Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында және елордамыз Астанада өнер көрсеткен болатын.
Міне, осылай театр алдағы 88-ші театр маусымының ашылу қарсаңында, көрерменге жаңаша қызмет көрсетудің өзгеше үлгілерін таңдап, сол бағытта жаңа жобалар бойынша қауырт жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.