• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Сәуір, 2020

Қостанай: Полицейлер 7 адамды өрттен құтқарып қалды

432 рет
көрсетілді

Жексенбі күні Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин кентінде қызмет бабымен жүрген полицейлер Садовый көшесіндегі бір үйдің шатыры жанып жатқанын байқап, дереу көмекке ұмтылады. Тәртіп сақшылары үйге кіргенде, іште 6 ересек адам мен 1 жас бала бөлмелерінің есігін тарс жауып алып үстінде өрт тұтанып жатқанынан бейхабар алаңсыз отырған.

- Біз үйдегілердің барлығын жедел сыртқа шығардық. Өрт сөндірушілерді шақырып, олар келгенше өз күшімізбен қызыл жалынға оранған шатыр мен дәлізді сөндіре бастадық. Көп кешіктірмей өрт сөндіру қызметі жетті. Әріптестерім аға лейтенант Саржан Төреханов, аға лейтенант Болат Оразов старшина Руслан Сердюк бар – барлығымыз өрт сөндірушілермен бірге жабылып жүріп өртті өшірдік,   - деді аға лейтенант Темірлан Байболов.

Кейін  өрттің дәліздегі пештен шыққаны анықталды. Үй қожайыны Юрий Поповский болған оқиғаны бейнежазбаға түсіріп, ішкі істер органдары қызметкерлеріне алғыс білдірді.

- Полицейлер жедел әрекет етіп, өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетті. Олар болмаса, біраздан соң бізді не күтіп тұрғанын кім біледі? Солардың арқасында ғана әйтеуір бір пәледен құтылдық. Біз полиция бөлімінің басшылығына өзімізді құтқарып қалған нағыз сақшылардың ерлігін ұмыт қалдырмау туралы өтініш білдірдік, - деді Ю. Поповский.

     

 Қостанай облысы