Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жылжымайтын мүлікке салынатын салықты арттыру жағдайға пара-пар және дер кезіндегі шара деп есептейді. «Бұл бүгінгі ахуалға жауап беретін нағыз пара-пар шара» деп атап көрсетті министр. Бұл туралы осы министрліктің баспасөз қызметі хабар таратты.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жылжымайтын мүлікке салынатын салықты арттыру жағдайға пара-пар және дер кезіндегі шара деп есептейді. «Бұл бүгінгі ахуалға жауап беретін нағыз пара-пар шара» деп атап көрсетті министр. Бұл туралы осы министрліктің баспасөз қызметі хабар таратты.
Өз сөзінде Е.Досаев Астана қаласының екі аумағында орналасқан көлемі 45 шаршы метр екі пәтерді мысалға келтіреді. «Олардың біреуі Республика даңғылындағы ескі көп қабатты үйде орналасса, екіншісі Орынбор көшесіндегі жаңадан салынған ғимаратта қоныс тепкен. Бұл пәтерлердің бағасының әртүрлі болуы заңды құбылыс. Тіпті, жылжымайтын мүлікті тіркейтін орталықтың белгілеген бағасы бойынша да Орынбор көшесінде орналасқан пәтер екіншісіне қарағанда жарты миллион теңгеге қымбат бағаланады. Ал рыноктық баға бойынша пәтерлер құнының айырмашылығы бұдан да жоғары. Соған қарамастан, бұл екі пәтерге төленетін салықтардың айырмасы болмашы ғана. Мәселен, Республика даңғылындағы пәтер иесі 2237 теңге салық төлесе, Орынбор көшесіндегі пәтер иесі 2918 теңге салық төлейді.
Алайда, пәтерлердің рыноктық бағасы бойынша құнындағы айырмашылық жер мен көктей емес пе!», дейді министр.
Осыған байланысты Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі жағдайды өзгертуді ұсынады. «Біз базалық бағаны Астана және Алматы қалалары үшін қазіргі 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін арттырамыз. Яғни, басқаша айтқанда, ең жоғарғы базалық баға – әрбір шаршы метрге 400 доллар болады. Ал аудандық маңыздағы қалалардың, кенттердің және селолардың салық деңгейін бұрынғы мөлшерде қалдырамыз. Алдағы уақытта осы бағалау мөлшеріне сәйкес, салық сомасы белгіленетін болады», деді Досаев. Осы ретте ол салықтың есептеу ставкаларының өзгермейтіндігін мәлімдеді. «Олар бұрынғысынша, 0, 0,5 пайыздан (бұл бағалау құны 1 миллион теңгеге дейінгі пәтерлер) 1 пайызға (бағалау құны 120 миллион теңгеден жоғары пәтерлер үшін) дейін болады.
Министр атап көрсеткендей, мәслихаттың шешімімен белгіленетін тұрғын үйлердің орналасу аймағына байланысты коэффициенттері де болады. «Яғни неғұрлым пәтерлер элиталық аймақтарда орналасатын болса, соғұрлым олардың құны да жоғары болады. Бұл ретте мүлікке салынатын салықтың жергілікті бюджетке түсетіндігін ұмытпауымыз керек. Басқаша айтқанда, қаланың қолайлы жаңа аудандарында қоныстанған пәтер иелері қаланың шет аймақтарындағы ескі үйлердегі пәтерлерде тұратындардан көп салық төлейтін болады. Сонымен бірге, ардагерлер, тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар үшін жеңілдіктер, сонымен бірге тұрғындардың аз қамтамасыз етілген топтары үшін бірқатар жеңілдіктер сақталатын болады», деп атап көрсетті министр.
Сонымен бірге, Ерболат Досаев салық салу жүйесіндегі тағы бір жаңалықты – жылжымайтын мүліктің көлеміне байланысты салықты өсіру жайын да тілге тиек етті. «Өте қымбат пәтерлер (көлемі 150 шаршы метрден асатын пәтерлер және жалпы көлемі 300 шаршы метрден асатын жеке меншік үйлер) салық төлеушілер үшін қымбатқа түсетін болады. Біз осындай санаттағы тұрғын үйлерге төленетін салық ставкасын үш коэффициенттен жоғары есептеуді ұсынамыз. Мұндай тұрғын үйлер бізде көп емес. Қазір елімізде жалпы 2,14 миллион пәтер болса, оның ішінде 10,1 мыңының ғана көлемі 150 шаршы метрден асады. Жеке тұрғын үйлер 2,6 миллион болса, оның ішінде 300 шаршы метрден асатыны 34 мың тұрғын үй», деп қорытындылады өз сөзін Ерболат Досаев.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».