Ұлттық мұнай тасымалдаушы оператор «ҚазТрансОйл» компаниясы биылғы алғашқы тоқсандағы жұмыс көрсеткіштерін жариялады. Үш айдың қорытындысы бойынша тасымалдау қарқыны бұрнағы жылдармен салыстырғанда азайғаны байқалады.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері магистральды мұнай құбырлары жүйесі арқылы тасымалданған мұнай мен мұнай өнімдерінің, сондай-ақ ауыстырып құйылған өнімнің жалпы көлемі 10 млн 510 мың тоннаны құрады. Бұл былтырғы үш айдың көрсеткішінен 535 мың тоннаға аз.
– «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары арқылы өткен мұнай көлемі 8 млрд 978 млн тонна/км болды. Бұл да 2019 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 347 млн тонна/км аз. Компанияға қарасты құбыр арқылы жасалған жалпы жүк айналымы 10 млрд 738 млн тонна/км болып, өткен жылмен салыстырғанда 538 млн тонна/км-ге төмендегені анықталды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қаңтар-наурыз айларында еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына «ҚазТрансОйл» 4 млн 69 мың тонна мұнай жеткізді. Сөйтіп, көрсеткіш былтырғыдан 76 мың тоннаға ұлғайғаны анықталды. Атап айтқанда, Атырау зауытына 1 млн 405 мың тонна, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-на 1 млн 225 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауытына 1 млн 329 мың тонна, «CASPI BITUM» ЖШС-на 110 мың тонна көмірсутегі жеткізілді.
«ҚазТрансОйл» АҚ қуатын пайдаланып Ақтау кемежайында танкерлерге мұнай құю 528 мың тоннаны құрап, былтырғы меже 26 мың тоннаға асыра орындалды. «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 3 млн 700 мың тоннаға жетті. Атырау мен Маңғыстау облыстарына «Астрахан-Маңғышлақ» су таратқышы арқылы 6 млн 603 мың текше метр су берілгенін айта кету керек. Бұл былтырғы көрсеткіштен 231 мың текше метрге көп.