Елімізде мұнай өнімдеріне сұраныс төмендеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнай өңдеу зауыттары ең төменгі қуатпен жұмыс істеуге көшкен.
Қазақстанда мұнай өңдеумен төрт зауыт айналысады. Олар: Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, сондай-ақ «CASPI BITUM» битум зауыты.
– 2020 жылғы сәуір айында мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне сұраныс айтарлықтай төмендеді. Атап айтқанда, автобензин мен дизель отынына сұраныс 40%-ға, ал авиациялық отынға 70%-ға азайды. Бұл мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізушілерден келіп түсетін өтінімдер динамикасына жасалған талдаудың нәтижесі бойынша расталып отыр, – деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Қоймаларда мұнай өнімдерінің шамадан тыс жиналып қалуын болдырмау үшін Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-дерінде өңдеу қарқыны көлемдері ең төмен деңгейге дейін азайтылып, зауыттар жұмысы үздіксіз жалғасуда.
Коронавирус пандемиясына байланысты наурыздың 15-нен бастап зауыттарда арнайы штабтар жұмыс істеуді бастағанын айта кетейік. Штабтар жұмысты Ұлттық компанияның орталық штабымен күн сайын үйлестіріп отырады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметі:
– Індеттің алдын алу бойынша арнайы шаралар қабылданды. Атап айтқанда, әкімшілік және өндірістік нысандарда санитарлық-дезинфекциялық және бақылау-өткізу тәртіптері күшейтілді. Кәсіпорындарда әкімшілік қызметкерлердің 70%-ы қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті. Зауыт қызметкерлеріне құрылымдық бөлімшелер арасында жүріп-тұруға шектеу қойылды. Қызметкерлердің денсаулығын қадағалау бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі, үй-жайлар мен ғимараттарда, көлік құралдарына және зауыттарға тиесілі аймақтарда тазалық жұмыстары үнемі атқарылып тұрады, – дейді.
«ҚазМұнайГаз» зауыттарды кемінде 2 айға жететіндей мөлшерде сумен, азық-түлікпен, бірінші кезектегі аса қажет тауарлармен, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуде. Барлық жұмысшыларға жеке қорғаныш құралдары – медициналық маска, нитрил қолғаптары, бактерияға қарсы құралдар берілген.