• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2013

Алғаш рет мобильдік арналар арқылы тарады

215 рет
көрсетілді

Кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы алғаш рет «онлайн» режімінде өтті. Енді бұдан былай Сенат отырыстары тікелей «онлайн» режімінде «твиттер» және өзге де мобильдік арналар арқылы таратылады.

Кеше Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы алғаш рет «онлайн» режімінде өтті. Енді бұдан былай Сенат отырыстары тікелей «онлайн» режімінде «твиттер» және өзге де мобильдік арналар арқылы таратылады.

«Тек Сенаттың ғана емес, сонымен қатар, тұрақты комитеттердің де кейбір отырыстарын қажетті жағдайда осындай «онлайн» режімінде көрсетуге әзірміз. Парламент қызметінің ашықтығын паш ететін бұл жаңалықтар біздің заң шығарушылық қызметімізге оң әсер етеді деп ойлаймын», деді Қайрат Әбдіразақұлы жаңа жұмыс жайын түсіндіре келіп.

Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына ТМД Экономикалық судьясын сайлау, қосарланған салықты болдырмау және конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері ұсынылды. Депутаттар алдымен судьялар мәселесін шешіп алды. Қазақстан Президенті Венера Сейтімованы сайлау туралы Парламент Сенатына ұсыным жасаса, Елбасының бұл ұсынымы палата депутаттары тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, Венера Сейтімова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық сотының судьясы қызметіне сайланды. Бұрын осы қызметті атқарып келген Сәбит Жолдыбаев өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты ТМД Экономикалық сотының судьясы қызметінен босатылды.

Сондай-ақ, депутаттар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Конвенцияға 2008 жылдың 22 желтоқсанында Абу-Даби қаласында қол қойылған. Мақсат – инвестициялар үшін өзара қолайлы жағдайлар жасау. Бұдан басқа заңдық құжаттың қабылдануы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға серпін беруі тиіс. Және де конвенция екі мемлекет резиденттерінің табыстарына қосарланған салық салуды алып тастауды көздейді және салық салудан жалтарудың алдын алады. Сонымен бірге, құжатта табыстың пайда болу көзі болып табылатын мемлекетте дивидендтерге, пайыздарға және роялтиге төмендетілген мөлшерлемелер бойынша салық салынуы мүмкін ережелер қамтылып отыр.

Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Аталған құжат Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы қаулысын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасының мақсаты конституциялық мерзімдердің бас­талуын және аяқталуын есептеу тәртібін белгілеу болып табылады. Еліміз Конституциясында барлық жағдайларда онда көрсетілген мерзімдерді есептеудің басталуы мен аяқталуы белгіленбейді және қандай күннен немесе оқиғаның басталуынан мерзімді есептеу шаралары нақтыланбаған.

Осыған орай, Конституциялық Кеңестің ресми түсіндіруімен бірқатар заң нормаларына конституциялық мерзімдердің басталуы мен аяқталуын есептеу тәртібін белгілеу ұсынылады. «Қазақстан Республикасындағы Конституциялық Кеңес туралы» Конституциялық заңның 24-бабы және Конституциялық Кеңестің өтінішті қарауына қорытынды шешімді қабылдауына заңда белгіленген айлық мерзімнің аяқталуын нақтылаумен жаңа редакцияда жазылып отыр. Әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 69-бабының 3-тармағы екінші бөлікпен толықтырылады. Онда республика Президентінің Парламентті тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн депутаттардың кезектен тыс сайлауы өткізілуі тиіс мерзімнің басталу кезеңі болып табылатындығы көзделген. Бұл мерзім екі ай өткен соң аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуына тиісті күн белгіленбеген айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде аяқталады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар