• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Парламент 22 Сәуір, 2020

Сенатор Серік Бектұрғанов өңірлердегі дәрігерлердің шағымына назар аударды

313 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай кезінде, әсіресе, алғы шепте жұмыс істеп жүрген азаматтарға қолдау білдіру ауадай қажет. Дегенмен, осындай қарбалас жағдайында медицина саласының қызметкерлері тиісті дәрігерлік құралдар мен төлемақының болмай отырғаны туралы шағым айтқан текетірестер жиі орын алуда. Сенат депутаттары аталған оқиғаны бақылауда ұстап, оның шешілу жолдарын қарастырып отыр. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатор Серік Бектұрғанов депутаттар өңірлердегі медициналық мекемелерде орын алған жайттарды назарда ұстап отырғанын атап өтті.

«Медицина қызметкерлері мен аурухана ұжымдарының атынан түсіп жатқан шағымдар санының азаймауы бізді алаңдатып отыр. Шиеленісті жағдайлардың әлі күнге дейін шешілмеуі салада бұрыс жәйттардың да бар екенін көрсетеді. Дәрігерлердің осы сәтте тектен тек шағымданбайтыны белгілі, өйткені олардың қазіргі кезде жұмыстары бастан асады», - деді ол.

Сенатор сондай-ақ төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдардың да қауырт істерін айта келіп, жұмыс барысында асығыс әрі жүйесіз шешім қабылданатынына тоқталды. Оның үстіне кейбір шенеуніктер әлі де болса қарадүрсін іс-қимылдан аса алмай отыр.

«Жақында ғана бір өңірдің медициналық қызметкерлері өздеріне тиесілі үстемақыны ала алмауы мүмкін екендігін айтып шағымданды. Себебі олар карантинде отыр. Ал облыстық деңгейдегі жоғары лауазымды адам Денсаулық сақтау басқармасына мәселені қарап, үстемақының талапқа сай төлеу туралы тапсырма берілгенін айтады. Бұл дегеніміз формализмнің алғашқы дәрежесі. Сондықтан, менің ойымша, бұл жерде медицина мамандарының бастарын қатерге тігіп еңбек етіп жатқанын есепке ала отырып, мәселені сол жерде қарап, нақты шешім қабылдау қажет», - деді С.Бектұрғанов. 

Депутат сондай-ақ медицина мамандарының пандемиямен күресте алдыңғы шепте, тәулік бойы жұмыс істеп жүргенін айта келіп, оларда эмоциялық-психологиялық күйзеліс болуы ықтималдығына да назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Олардың қандай жағдайда жүргенін түсінуіміз керек, шағымдарына қарай тиісінше әрекет ету қажет. Сонымен қатар, медициналық мекемелерде атқарылуға тиісті барлық алғышарттар жасалды ма, соны нақты түсіне білу керек», - деді ол.

С.Бектұрғановтың айтуынша, емдеу мекемелерінде коронавирус індетінің жоғары деңгейде сырқаттанудың өзіндік себептері бар.

«Әрине, орын алған әрбір жағдайға қатысты кінәлілер бар. Біреулер үйретпеді, біреулер істей алмады. Дәрігерлер коронавирус індетінің қатерін біле тұра, карантинге жабылуды немесе жұқтыру қаупін әдейі жасады деуге болмайды. Қай кезде де себеп-салдары болады. Бір ұлы саясаткер «Әрбір қателіктің аты-жөні бар» деген екен. Сондықтан бұл жайтқа кінәлілерді кейінірек, айқай-шу мен абыр-сабыр басылып, елдегі жағдай тынышталған соң қарастыру қажет. Ал қазіргі уақытта осындай оқиғаларды болдырмау шараларын қолға алу керек. Қателік қайталанса, демек, біз бір нәрсені дұрыс істемей отырмыз деген сөз. Ал медицина қызметкерлерінің шағымы жалғасуда», - деді сенатор.

Сенатор өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігіне, жергілікті жердегі жедел штаб пен жергілікті атқару органдарына тек қана шағым түскен емдеу мекемелері емес, барлық медициналық ұйымдарға қатысты нақты шұғыл шешімдер қабылдау қажеттігін ұсынды.