• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2020

Коронавирус: Арқалықта ахуал тұрақты

215 рет
көрсетілді

Өңірлік жедел ақпарат штабы 18 сәуірде Арқалықта COVID-19 індеті анықталған әйелдің қазіргі жағдайының тұрақты екенін мәлім етті. Науқас - 48 жаста. Ол  Ақмола облысынан келген соң, суық тиіп ауруханаға түскен адаммен жақын қарым-қатынаста болғаны үшін екі аптаға оқшауланып, карантин бөлімшесіне жатқызылған екен. СOVID-19 диагнозы расталғаннан кейін инфекция бөліміне ауыстырылыпты.

Әйел карантинге жатқызылғанға дейін көп ешкіммен жақын байланыста болмаған. Қазір науқас індетке қарсы кешенді емдеу шараларынан өтіп жатыр.  Жағдайы тұрақты, шағымы жоқ.

Қазір Арқалықтың көшелері, көп қабатты тұрғын үй кіреберістері мен Қазпошта, банктердің  халыққа қызмет көрсету орындары күнделікті дезинфекцияланып тұрады.  

Қалада 15 адам карантиндік бөлімшеде жатыр. Олардың біреуі Ресейден келген, 14-і науқаспен байланыста болғандар.

Арқалық өңірлік ауруханасының провизорлық бөлімшесінде суық тиген, тұмауратып қалған 6 адам жатыр. 64 адам үй карантинінде. Барлығынан оқшаулау ережелерін сақтау туралы қолхат алынған. Қазір полиция қызметкерлерінің бақылауында.

Қазір қала аумағында үш тосқауыл бекеті қойылған. Оның біреуі санитарлық бекет, екеуі мобильді. Бұл бекеттерде 137 полиция қызметкері  екі ауысымды режімде қызмет атқарып жатыр.

Қалада қоғамдық көлік пен такси мүлдем жүрмейді. Тек 79 қызметтік көлікке шектеу жоқ. Сондай-ақ көлікпен жүруге 186 кәсіпкерге және 318 рұқсат етілген. Ауылшаруашылық техникаларының қозғалысына да шектеу қойылмаған. 

Тұрғындар қала тынысы туралы жергілікті теледидар эфирі мен әлеуметтік желілер арқылы күнделікті хабар алып отыр.

Өңірлік жедел штабтың мәліметінше, қала аумағындағы халыққа бірінші кезекте қажет тауарлар  бағасы бақылауда.  Азық-түлік тапшылығы жоқ. Жағдай тұрақты. 

 

 Қостанай облысы