• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Сәуір, 2020

«МедиДез» мықты болып тұр

269 рет
көрсетілді

Тобыл өңірінің темір жүрегі саналатын Рудный қаласында орын тепкен «МедиДез» ғылыми-өндірістік бірлестігі төрт жылдан бері халықаралық стандарттағы сапалы дезинфекция және антисептик құралдарын шығарып келеді. Ел ішінде төтенше жағдай жарияланғалы компания өніміне сұраныс арта түскен. Сондықтан кәсіпорын өндіріс көлемін екі есе арттырып отыр.

Осыдан бір-екі жыл бұрын «Қазақ­станның үздік тауары» бай­қауында топ жарып, өнді­ріс­­тік мақсаттағы ең үздік тауар өндіруші деген атаққа ие болған кәсіпорын бүгінде мик­роб жойғыш сабындар мен теріні және медициналық құ­рал-жаб­дықтарды зарарсыздан­дыратын химиялық өнім түрлерін көптеп шығара бастады.

– Қазір дезинфекциялық өнім шығаратын кәсіпорындар­дың көбейіп кеткені рас. Олар шыға­ратын өнімдердің пайдаланылу аясы, атауы шамалас болғаны­мен құрамы, сапасы, қоспалары әртүрлі. Мәселен, дәрігерлер қолдарын тәулігіне кемінде 30-40 рет зарарсыздандырады делік. Ойлап қараңызшы, егер тауар сапасыз болса, қол қандай күйге түсер еді? Сол себепті біз сапа­лы шикізат қолданамыз. Әрине біздің өнімді айтарлықтай арзан деп айта алмаймын. Тұтыну­шылармызды баға емес, сапа қызықтырады, – дейді серіктестік директоры Әлия Қайрақбаева.

Кәсіпорын өнімдері өткен жылдан бері Қырғыз елінде саудаланып келеді. Биыл Ресейге де экспорттала бастады. Компания негізінен денсаулық сақтау ұйымдары мен тамақ өнеркәсібі саласының сұранысын өтейді. Соңғы кездері елдегі ахуалға байланысты қонақүй, сұлулық салондары мен сауда орындары, төтенше жағдайда жұмыс істеп жатқан өзге де мекемелерден көп сұраныс түсе бастаған. Осы­дан кейін кәсіпорын өнді­ріс көлемін екі есе арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашты. Рецептурасы ерекше бол­ғандықтан компанияның кейбір өнімін, тіпті ТМД аума­ғынан іздеп таба алмайсыз. 

– «Талпынғанның тоқпағы тасқа да қазық кіргізер» деген – осы. Табанды ізденіс пен тынымсыз еңбек арқылы талай биікті бағындырдық. Ең бас­тысы, халқымыз бұл індеттен аман-есен шықсын деп тілейік!, – деді кәсіпорын басшысы.

 

Қостанай облысы