«Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғындарына мына жағдай оңайға тимей тұр. Ауыл халқы төтеннен келген індеттің қорадағы азын-аулақ ірі қарасын қынадай қырып бара жатқанына алаңдаулы.
«Біздің түсінбей отырғанымыз, екі аптадай уақыт өтсе де, ауылымызды әлі карантинге жапқан жоқ. Малымыз қырылып жатыр. Қорамызда тігерге тұяқ қалмай барады. Шынын айтсақ, ауылда осы мал үшін отырмыз. Әрі қарай қалай өмір сүреміз?» дейді Көктал ауылының тұрғыны Елена Тойғанбаева.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазіргі уақытта елді мекенде тосын індеттен арам қатқан ірі қара саны шамамен 200-ден асып кеткен. Бір ғана «Мұхит» шаруа қожалығында 50 бұзау, 20 ірі қара індеттің құрбанына айналыпты. «Бүгін міне, ауданнан, облыстан мамандар келіп, өлген малдарды санап жатыр. Мына індет жанымыздағы «Аян» шаруа қожалығының малынан тарады. Біз бұл шаруа қожалығына наразылық білдіріп, тиісті орындарға хат жаздық», деді үй телефоны арқылы сөйлескен осы елді мекеннің тұрғыны Нәзигүл Шалғынбаева. Бұл кісі «Мұхит» шаруа қожалығының жетекшісі Сәрсен Шалғынбаевтың жолдасы екен.
Осы ауылдың тағы бір тұрғынымен үй телефоны арқылы сөйлескенімізде бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндіктен атын атамауымызды өтінді. «Ауылдағы үлкен кісілер мұны аусыл індеті деп болжап отыр. Көкталдағы алғашқы ірі қараның өлімі 9 сәуірде тіркелген. Содан соң екі-үш күн өткеннен кейін ауданнан мамандар келіп, сынама алып кеткен. Ол сынама мұздатқышта сақталып тұрған көрінеді. Ал 21 сәуірде бұзаудан сынама алды. Бұл сынама нәтижесі қалай болар екен деп алаңдап отырмыз. Өйткені ауыл тұрғындары малдары өле бастағаннан кейін әртүрлі дәрілерді өздері еккен болатын», дейді ауыл тұрғыны.
Айдың-күннің аманында белгісіз індеттің малдарын жайпап бара жатқанына алаңдаған ауыл тұрғындары елді мекенді тез арада карантинге жауып, өлген малдарының шығыны өтелуі керектігін сұрап отыр. Ал жергілікті ветеринарлар өлген ірі қарадан сынамалар алынып, тиісті орындарға жіберілгенін, ауылды карантинге жабу-жаппау мәселесі сынама қорытындысынан соң белгілі болатынын айтады.
Көктал ауылында ұялы телефон байланысы нашар болғандықтан, осы елді мекенде жүрген комиссия мүшелерімен сөйлесудің мүмкіндігі болмады. Ауылда қанша мал белгісіз індеттің құрбанына айналғанын, ауыл тұрғындарына қырылған ірі қарасы үшін өтемақы төленіп-төленбейтінін комиссия анықтайтын болады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Көктал ауылы