Моңғолия Мұсылмандар одағы қоғамдық ұйымы COVID-19 індетінің алдын алу мақсатында құрылған елдегі Мемлекеттік Төтенше комиссияға 10 млн төгрөг көмек ұсынды деп хабарлайды MOНЦАМЭ ақпарат агенттігі.
Бұл қаржыны ММО-ның төрағасы Батырбек Хадысұлы және Налайқы қалалық мешітінің имамы Жанарбек Рахметұлы Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Ө.Энхтүвшинге табыс етті.
«Әлем халықтарына апат әкеліп отырған коронавируспен күрес жолындағы іске осындағы мұсылман қауым өкілдері бізде үлес қосуды парыз санадық. Бұл қаржыны ел көлеміндегі мешіт имамдары мен жамағаттар атынан қабыл алыңыз», деді одақ төрағасы Х.Батырбек мырза.