Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне арналған селекторлық кеңес өткізіп, төтенше жағдайға байланысты күшейтілген карантин енгізілгенмен, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.
– Өйткені, Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік пен елдің болашағына нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күреске бір адамдай жұмылуға шақырды. Сондықтан отандық экономика үшін, қоғамның әр саласы үшін ең қауіпті кесел – сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына жол бермеуіміз керек, - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов Antikor.Live. жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы контентті онлайн форматта таратып жатқанына тоқталды.
– Биылғы жыл басынан бері облыста пара алуға, бюджет қаражатын жымқыруға, сондай-ақ, өкілеттігін теріс пайдалануға байланысты 40-тан астам сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. Лауазымды қызмет атқаратын 15 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі денсаулық сақтау және мемлекеттік сатып алу салаларында байқалады, - деді Қанат Қожахметов.
Оның айтуынша, былтырға қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген түзетулер енгізілді. Соның бірі – бағынышты қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық фактісі анықталса, басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі мен саяси қызметшілердің қызметінен кету тетігі.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, таралу жолдарын кесу, оның өршуіне жол бермеу бағытындағы күресті күшейтуіміз керек, - деді селекторлық кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.