Оқу үрдісін ұйымдастырудың жаңа формасының бірі – қашықтан оқыту технологиясы. Әлем елдерінде орын алған эпидемияға орай елімізде қашықтықтан оқыту жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қашықтан оқыту – адамның білім алуға және ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру жүйесінің бірі ретінде мамандардың білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қашықтан оқыту – білім берудің ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады. Қашықтан оқыту технологиясы бойынша оқытушының негізгі міндеті - білім алушының оқу процесін бақылау, мақсат пен міндеттерді қою, телекоммуникациялық құралдарын қолдану, ақпараттық жүйелердегі ресурстарды пайдалану, оқыту жүйесі бойынша сабақ өткізу үрдісін жан-жақты даярлау және басқа да бірнеше талаптар қойылады. Ал білім алушының негізгі міндеті - материалды өз бетінше игеру, жоғарғы деңгейде білімді өз бетімен толықтыру, жаңа ақпараттық технологияның кұралдарымен жұмыс істей білу, өз бетінше жұмыстың техникасы мен әдістемесін, негіздерін меңгеруі қажет болып табылады.
- Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің қашықтан оқытуға дайындық деңгейі жоғары, себебі бұрыннан да қашықтықтан оқыту түрі қолданылады. Университетте қашықтықтан білім беру технологиялары: «Univer.yu.edu.kz», «Lessons.yu.edu.kz», «Meet.google.com», «Coursera» жүйелерін оқытушылар мен студенттер толыққанды қолдануда. Бұл жүйелер арқылы оқытушылар дәрістері мен тәжірибелік жұмыстарын онлайн форматта түсіндіруде, ал студенттеріміз тапсырмаларын, үй жұмысын онлайн түрде көрсетуде. Университеттің бүкіл оқу процесіне қатысты атап айтар болсақ, ғылыми және оқу-әдістемелік кеңестер, оқу мәжілістері, ғылыми зерттеу және тәрбие жұмыстары, вебинарлар мен онлайн-конференциялар, онлайн семинарлар, тренингтер, конкурстар, онлайн әлеуметтік жобалар, факультетінің оқу-әдістемелік бюро жұмыстары, кафедралық жиналыстар онлайн режимінде өткізілуде. Онлайн өткізу арқылы өз кезегінде оң нәтижесін көрсетуде, дейді «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы А.К.Сагиндикова.
Сонымен бірге, «Coursera» онлайн білім беру арқылы университет оқытушылары мен студенттері көптеген онлайн курстарын тегін оқи отырып, сертификат алуға үлкен мүмкіндік туып отыр. «Coursera» - әлемнің үздік университеттерінің онлайн курстарын тегін оқу арқылы сапалы да, қолжетімді контент арқылы білім алады. Бұның өзі білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, жауапкершілік пен қызығушылықтың артуына және әрі қарай шыңдала түсуіне жетелейді.
Аға оқытушы А.К.Сагиндикованың айтуынша, қашықтан оқыту технологиясы білім берудің жаңа формасының бірі. «Қашықтан оқудың берер мүмкіндіктері өте көп. Сондықтан да, заман талабына сай өзгеру бүгінгі күннің басты талабы деп толық нық сеніммен айтуға болады» дейді ол.