• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 23 Сәуір, 2020

Ұстазымен мақтанатын мектеп

996 рет
көрсетілді

Қашықтан оқып жатқан мектеп оқушылары айдан астам мерзімде білім ошақтарын, ұстаздарын сағынысып қалғаны белгілі. Күнделікті қашықтан білім алу режіміне үйрене алмаған балалар, карантин аяқталысымен мектепке қарай құстай ұшатындай күй кешуде.

«Біз, сыныбымызды, мектебімізді, сынып жетекшіміз Сабина апайымызды сағындық», дейді №178 мектептің 11 «Ж» сыныбының оқушы Махаббат Әбдіжәлел. Қызының сөзін құптай кеткен анасы Сәуле Табалдинова физика-математика бағдарында білім беретін бұл мектепте оқу әрбір оқушыға үлкен мәртебе. Мектептегі білім беру үрдісі көптеген білім ошақтарына үлгі боларлықтай, дейді. Сонымен қатар С.Табалдинова ұстаз жайындағы жүрекжарды пікірімен бөлісіп, оқушылары расымен де сағынып жүрген Сабина Ханасилованы балаға үйретері мол ұстаз деп атап өтті.  «Халқымыз «Ұстазы мықтының ұстамы мықты»,  деп тегін айтпаса керек. Балалардың бойына үлгі-өнеге дарыта білетін Сабина ұстаз балалардың болашағына жол сала біледі. Әр баланың біліміне ғана емес, оның ұқыпты киініп жүруіне, көңіл-күйіне байыппен қарайды. Көңіліне кірбің түскен оқушысын назардан тыс қалдырған емес. Өзі де әрдайым жадырап жүретін ұстаз балалардан да осындай көркем мінез көргісі келеді.  Баланың ішкі әлеміне тереңнен үңіле білетін өз ісінің кәсіпқойы.  Әрбір оқушысына жігер беріп, алға ұмтылуға итермелейді.  Мейірімді ұстаздың мерейлі істеріне ата-аналардың да алғыстан басқа айтары жоқ», деп атап өтті.

Иә, ұстаз болу екінің бірінің қолынан келмейтін киелі кәсіп. «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деп, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, ол адам баласының жанын нұрландыратын, шәкіртінің бойына білім нәрін себетін, жауапкершілігі жоғары міндет. Ұстаздықтың тағылымы тереңде дейтін болсақ, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізденіс пен қажымас қайрат керек. Ал ол үшін мұғалімнің мәртебесі биік болғаны абзал. Осы тұста Мұхтар Әуезовтың «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» дегені еске оралады. Ендеше карантин режімі тез аяқталып, мектебі мен ұстазын сағынған балалар сыныбына тезірек оралсын дейміз.

АЛМАТЫ