Биыл 23 сәуірдегі жағдай бойынша төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 146 мың әлеуметтік төлем берілді. Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 727,5 мың, екінші айда – 418,5 мың төлем берілді.
23 сәуірдегі жағдай бойынша 42 500 теңгелік төлемге 8 млн 21 мың адам өтініш берді.
Бірегей өтініштердің ең көп саны келесі өңірлерде тіркелді. Мәселен, Алматы облысы – 1 млн 44,8 мың, Түркістан облысы – 998,9 мың, Алматы қаласы – 896,2 мың, Нұр-Сұлтан қаласы – 594,5 мың, Шымкент қаласы – 534,4 мың адам өтініш жолдады. Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған: Алматы облысы – 603,4 мың; Түркістан облысы – 496,6 мың; Алматы қаласы – 403,1 мың.
Келіп түскен 3 млн 585 мың өтінім бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды, себебі олар ТЖ кезінде табыстың жоғалуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген.
Бас тартудың негізгі себептері төмендегідей:
- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс істемеген зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режімін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін өзі жұмыспен қамтығандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot мекенжайы бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.
Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады.
Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар 42500@enbek.kz, 42500@gfss.kz электронды мекенжайларына жазбаша өтініш бере алады.
МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-қа жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді. Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
– жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.
1 және 2-тармақшалар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.