Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов Алматы маңындағы «Алтын Орда» базары мен Шамалған станциясындағы теміржол өткеліндегі жол құрылысы жұмыстары жайлы мәлімет берді.
Карантин кезінде Райымбек – Алматы жол учаскесінде қозғалыс бөлігін кеңейтуге қатысты күрделі жөндеу жұмыстарына 117 адам және 61 техника жұмылдырылған. Сайранбек Бармақовтың айтуынша, осы жол бөлігінде коммуникацияларды тасымалдау, жөндеу жұмыстары ұйымдастырылған. Жол-құрылыс материалдары дайындалды. Жыл соңына дейін жол бойында толықтай қозғалыс ашылып, жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелдері мен жасанды құралдардың жұмысы аяқталады. Шамалған стансасындағы жол өткелінің құрылысы – ұзындығы 6 шақырымды құрайтын, әр бағытта 2 жолақтан, 4 жолақты қозғалысқа лайықталған 1 санаттағы жол ретінде жобаланған.
Теміржолмен қилысқан жерде ұзындығы 340 метр болатын эстакада жобасы әзірленді. Эстакада жол қозғалысы қатысушыларына автомобиль жолының аталмыш участкесін еш кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жобалау-реттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер компания техникасы мен жабдықтарын жұмылдыруда. Қажетті материалдар дайындалып жатыр. Іргетасын көтеру мен эстакада салу жұмыстары басталып кетті.
АЛМАТЫ