Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізіп, жиында аймақтағы эпидемиологиялық жағдай, карантиндік режимді сақтау және карантиннен кейінгі кезеңде бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар мен шағын бизнес нысандарының жұмысын қайта бастауға байланысты мәселелер талқыланды.
Облыс бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтың хабарлауынша, ең көп науқас Қордай ауданы мен Тараз қаласында анықталған. Инфекциялық стационарда 44 науқас емделуде. Емделген 31 адам стационардан шығарылған. Олардың барлығы қазір үй карантинінде медициналық бақылауға алынған.
Облыс аумағында әрбір коронавирус жағдайына міндетті эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Дерек бойынша, инфекция ошақтарында науқастармен байланыста болған 1029 тұлға анықталған. Оның ішінде 700 адам жақын және 329 адам ықтимал байланыста болғандар. Барлық жақын байланыста болған адамдар карантиндік стационарда оқшауланған, ал ықтимал байланысқандар үй карантинінде тұрақты медициналық бақылаумен қамтамасыз етілген. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, коронавирустық инфекциямен күресу үшін 770 медицина қызметкері даярланған болса, оның 386-сы қазіргі уақытта карантиндегі науқастармен жұмыс істеп жатыр екен. Еңбекақыдан басқа, оларға қосымша төлемдер төленуде. Атап айтсақ, наурыз айында 270 дәрігерге, оның ішінде 40 дәрігер мен 129 орта медициналық қызметкерге 40,1 миллион теңге үстемақы төленген. Наурыз айының қорытындысы бойынша 8 медициналық ұйым қаржы үнемдеу есебінен 1319 қызметкерге жалпы сомасы 88,9 миллион теңге сыйақы берген. Медициналық қызметкерлердің тұрғын үй-тұрмыстық мәселелері де оң шешімін табуда.
Осы тұрғыда 232 медициналық қызметкер қонақүйге орналастырылып, оларды жұмыс орнына тасымалдау үшін көлік ұйымдастырылған. Жиын соңында Бердібек Сапарбаев барлық жерде алдын алу шараларын күшейту керектігін тапсырды. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, COVID-2019 бойынша медицина, полиция және коронавирусқа қарсы іс-шараларға қатысатын әскери қызметкерлерді тестілеуден өткізу, оларды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету қажеттігі де айтылды. Тараз қаласы мен ауылдық елді мекендерде көшелерді, алаңдарды және скверлерді дезинфекциялауды жалғастыру өте маңызды екені ескертілді. Сол сияқты Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен облыс аудандарында орнатылған блок-бекеттердің әлі де тиімсіз жұмыс істеп отырғандығын алға тартты. Сондай-ақ, әкім жиында карантин жағдайында адамдар азық-түлік пен тағамдарды үйге жеткізу қызметіне көбірек жүгіне бастағандығын айтты. Соңғы уақытта Тараз қаласында жеткізіп беру қарқыны 8 мыңнан 11,5 мыңға дейін өскен.
Жамбыл облысы