Осы аптаның соңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бір топ кәсіпкерлер Мәскеуге сапар шегіп барады. Бұл сапар Кеден одағына мүше елдермен аймақаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында жоспарланған. Оңтүстікқазақстандық делегация Мәскеу, Қазан және Екатеринбург қалаларында екіжақты бизнес құрылымының қатысуымен дөңгелек үстел, екі жақты кездесулер өткізіп, осы қалалардағы индустриялық нысандарды аралап, тәжірибе алмаспақ.

Әрине, «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деген, Оңтүстіктің кәсіпкерлері ол жақтағы жұрттан ұят болмасын деп бір керуен жетектеп баруды жөн санапты. Биыл Оңтүстіктің қамбасы тоқ. Атап айтар болсақ, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 30,0 мың гектарға артып, 772,0 мың гектарды құрады. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде, мал азықтық дақылдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 35 мың, дәнді дақылдар 33 мың артса, керісінше, мақта дақылының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6 мың, мақсары – 14,0 мың гектарға қысқартылды. Сондай-ақ, жеміс-жидек пен жүзім екпелерінің көлемі ұлғайып, 27,0 мың га құрады. Кеңес дәуірі кезінде жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерінен ең жоғары өнімділік 1990 жылы алынып, 137,0 мың тоннаны құраған екен. Биыл 26,0 мың тоннаға артып, 163,0 мың тонна өнім жиналады.
Міне, облыс әкімі Асқар Мырзахметов осынау береке, молшылықтан мәскеуліктер де ауыз тисін, дәмін көрсін деп, 297 тонна азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімін тиеген керуенді Ресейге жөнелтті. Апта басында сол керуен аттанып та кетті. 15-18 қыркүйек аралығында Мәскеуде Қазақстанның алғашқы аймақаралық жәрмеңкесінде Оңтүстіктің осы өнімдері сауда сөрелеріне шығатын болады. Шынын айту керек, бұрын-соңды Мәскеу төрінде Қазақстан мұндай жәрмеңкені өткізбеген. Ал белорус елі мұндай мүмкіндікті кеңінен пайдалануда екен. Бұл жәрмеңке жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін Кеден одағы нарығына, оның ішінде Мәскеуге шығаруына, әрі кәсібін дамыту үшін маңызды экономикалық қадам болып табылатыны анық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
–––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.