Карантин тәртібі енгізілгелі аймақ тұрғындарына өз меншігіндегі жеңіл көлікпен қозғалуға тыйым салынған. Бүгін облыстың бас санитарлық дәрігері Владимир Нечитайло бұл талапқа өзгеріс енгізді. Бас санитар қабылдаған № 14 қаулыда «Қостанай облысының қала, аудандары мен ауылдық елді мекендерінде кешкі сағат 22.00 мен 06.00 аралығында жеке жеңіл көлік қозғалысына тыйым салынады.
Қалған уақытта көктемгі егіс жұмыстарын жүргізіп жатқан диқандарға, мемлекеттік тіркеуде тұрған омарташыларға, фермерлерге, несиелік серіктестіктер мен шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын өкілдеріне рұқсат етіледі» делінген.
Сонымен қатар өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқастарға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, емдеу шараларына мұқтаж науқастарға қамқорлық, күтім жасап жүрген азаматтар да күндіз жеке жеңіл көлігімен жүре алады. Олар өзімен бірге медициналық мекеме берген рұқсат қағазын алып жүруі керек.
Қалған көлік құралдары Өңірлік жедел штабтың рұқсаты бойынша ғана қозғалады.
Қостанай облысы