Бүгінде Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі күн санап артуда. Мәселен, 22 сәуір күні 9 жағдай анықталса, 23 сәуір күні 10 бірдей жағдай тіркелді.
Соңғы мәліметтер бойынша, 19 жастағы Тараз қаласының тұрғыны бұған дейін науқаспен байланыста болғандығы үшін карантиндік стационарға оқшауланған. Ол талдау қорытындысы оң нәтиже көрсеткеннен кейін инфекциялық стационарға жеткізілген. Сол сияқты, соңғы жұқтырған 41 мен 92 жас аралығындағы науқастардың біреуі ер адам болса, тоғызы әйел екен. Оларға эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Байланыста болған тұлғаларды анықтау, оларды карантиндік стационарға орналастыру, зертханалық зерттеу үшін материалдар алу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Жалпы, бүгінде Жамбыл облысы аумағында коронавирустық инфекцияның 98 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласында 45 жағдай, Байзақ ауданында 4, Жамбыл ауданында 4, Қордай ауданында 33, Меркі ауданында 2, Мойынқұм және Шу ауданында бір-біреуден анықталған. Сондай-ақ, Үндістаннан келген «Дели – Тараз» рейсінің жолаушылары арасынан 6 оқиға, Атырау облысындағы теңіз вахталық кентінен келген қызметкерлерден 2 жағдай анықталған. Науқастардың ішінен 40 адам сауығып, дәрігерлердің қадағалауындағы үй карантиніне шығарылған.
Жамбыл облысы