Қызылорда қаласында қыркүйектің 13 жұлдызы күні қалалық ішкі саясат бөлімі және «Болашақ жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Отбасы - Отан тірегі» атты дөңгелек отырысы өткізілді. Бұл туралы қалалық ішкі саясат бөлімі хабарлады.
Отбасы күніне байланысты өткізілген жиында қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Айдын Қайруллаев жас ұрпақ бойына сіңіретін тәрбиенің бастау көзі отбасынан қаланатынын атап өтіп, қала деңгейінде атқарылған шараларға тоқталды. Ал Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Меруерт Аңсатова қазіргі кезде шаңырақ көтеріп жатқан жастар арасында ажырасу санының азаймай отырғанын мәлімдеді. Бұл орайда осы тақырыпқа қатысты ой қозғаған Қызылжарма ауылындағы «Мүбарак» мешітінің имамы Нұрлыбек Махамбетов діндегі отбасы рөлі Пайғамбар хадистерінде, Құран Кәрімде айрықша айтылғанына маңыз берді. Жалпы, жиында сөз алған аналар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, студенттер отбасы діңгегінің мығым болуы адамдардың сыйластығына тікелей қатысты екенін атады.
Әмірхан Алмағанбетов.