Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына орай «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мирасы және қазіргі түркі әлемі» атты халықаралық онлайн видеоконференциясын өткізіп, Тоныкөк жылын ашық деп жариялады. Конференция барысында Түркі академиясы әзірлеген «Bilge Tonyquq» жинағының тұсауы кесілді. Көптеген елдің зерттеушілері, студенттер тыңдаушы ретінде қатысты.
Тікелей бейнебайланыс форматында өткен конференцияға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ЮНЕСКО Бас конференциясы 40-сессиясының төрағасы Ахмет Алтай Дженгизер, ЮНЕСКО Азия және Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелев, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гүней Эфендиева, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи, Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Дагваадорж Сүхбаатар, Анкара қаласы Мамак ауданының басшысы Мурат Косе, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының бірінші вице-президенті Иса Габиббейли, сонымен қатар АҚШ, Әзербайжан, Мажарстан, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия және Ресей мемлекеттерінен танымал түрколог ғалымдар қатысты.
Алқалы басқосуды академия басшысы Дархан Қыдырәлі ашып, айтулы күнмен құттықтап, қатысушыларға ризашылығын білдірді. «Данышпан Білге Тоныкөк бабамыздың бәдіздеп тасқа қашап қалдырған мәңгілік ескерткішінің 1300 жылдығын Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеттерінің, ЮНЕСКО ұлттық комиссияларының, Халықаралық Түркі академиясының ортақ ұсынысымен ЮНЕСКО аясында атап өтілуі жөнінде ресми шешім қабылдануы әлемдік мәдениеттегі елеулі жаңалыққа айналып отыр», дей келе алғашқы сөзді ЮНЕСКО Бас конференциясы 40-сессиясының төрағасы Ахмет Алтай Дженгизер мырзаға берді.
Білге Тоныкөк мұрасының әлемдік өркениет үшін маңызы зор екенін атап өткен ол осы тұрғыда академияның бастамаларын жоғары бағалайтынын айтып өтті. Сонымен бірге Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде тойлау түркі халықтары үшін үлкен олжа екенін тілге тиек етті. ЮНЕСКО-да осы сынды шараларды көбейту керегіне тоқталды. «Біз Түркі академиясымен бірге Тоныкөк ескерткішінің ашылуын Парижде жоспарлаған болатынбыз. Алайда пандемияға байланысты шараны кейінге қалдыруға тура келді», деді төраға.
ЮНЕСКО Азия және Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелев бұл ескерткіштің жазу мәдениетінің дамуына үлесі зор екенін айтып өтті. «Бұл – жазудың алғашқы үлгілерінің бірі. Ескерткіш әр түрлі халықтарда жазудың дамуына үлес қосты», деді А.Шевелев.
ТүркПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов түркі әлемі әлемдік мәдениетке Әл-Фараби, Яссауи, Науаи сияқты ғұламаларды танытқанын айтып өтті.
Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гүней Эфендиева өзі басқарып отырған ұйымның түркі мәдениетінің мүддесін қолдауға қашан да әзір екенін жеткізді.
Конференцияда сөз алған Анкара қаласы Мамак ауданының басшысы Мурат Косе жақында Түркия астанасында Тоныкөк атындағы саябақ ашылатынын және Халықаралық Түркі академиясымен бірге саябақта Тоныкөк ескерткішінің көшірмесін қою жоспарланғанын жеткізді.
Құттықтау сөз алған халықаралық әріптес ұйымдардың басшылары мен өкілдері Тоныкөк ескерткіші мерейтойының ЮНЕСКО аясында атап өтілуі – бауырлас халықтардың мерейі ғана емес, әлемдік мәдениеттегі елеулі жаңалық екенін айтты.
Мәртебелі меймандардың құттықтау сөздерінен кейін Тоныкөк ескерткіші мәтінінің 12 тілдегі аудармасы топтастырылып, ғылыми транскрипциясы қоса берілген бірегей басылымның лентасы қиылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық студия-залынан қатысып отырған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков кітаптың тұсауын кесіп, оқырманға құтты болсын айтты.
Конференция барысында Моңғолия елінің Тоныкөк ескерткішін ЮНЕСКО қорғауындағы мәдени мұралар тізіміне қосу ұсынысына қолдау білдірді.
Бұдан кейін конференцияның жалпы отырысы басталып, есімі елге белгілі түркологтар мен ғалымдар Осман Фикри Серткая (Түркия), Тимур Коджаоғлу (АҚШ), Иштван Зимони (Мажарстан), Кадыралы Конкабаев (Қырғызстан), Женгиз Айылмаз, Ахмет Ташағыл (Түркия), Виктор Бутанаев (Ресей), Ирина Невская (Германия), Юлай Шамилоғлу (АҚШ), Эрхан Айдын (Түркия), Ғайболла Бабаяров (Өзбекстан) мағыналы баяндамалар жасап, пайымды пікірлерімен бөлісті. АҚШ зерттеушісі Юлай Шамиоғлу Тоныкөк кезінде пандемия болды ма деген сұрақты көтерді.
Өз кезегінде Моңғолия Ұлттық музейінің басшысы Д.Сүхбаатар музейдегі Тоныкөкке қатысты экспонаттарды арнайы таныстырды.
Конференцияны қорытындылаған Халықаралық Түркі академиясының басшысы ұйымға мүше елдерде пандемияға қарамастан, биыл жыл бойы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған шаралар өтетінін айтты. Оған ұоса тамырлас елдерде көше мен мектептерге Тоныкөк атын беру, мектеп бағдарламасына Тоныкөкті қосу қажеттігіне тоқталды.