Бүгін КХДР мен Корея Республикасы ұзақ уақыт келіссөздерден кейін Кэсон қаласындағы индустриалды кешендегі бірлескен жұмыстарын қайта жандандырды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Аталмыш келісімге 10-11 қыркүйекте өткен екіжақты қызметтік кездесу барысында қол жеткізілді.
Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері жұмысы тоқтап тұрған индустриалды кешеннің аумағына дүйсенбі күні Солтүстік Кореядан жұмысшылар келе бастады. Оңтүстік Корея компаниялары КХДР билігінен кең ауқымда өндірісті бастауға рұқсат алды.
Солтүстік пен оңтүстіктің достастық пен әріптестік нышаны болып есептелген кешенде 100-ден аса оңтүстіккореялық компаниялар жұмыс жасаған. Кешен кәсіпорындарында 800-ден аса Оңтүстік Корея азаматтары, сондай-ақ киім тігу, сағат пен электротұрмыстық тауарларды жинаумен айналысатын 53 мың солтүстіккореялық қызмет еткен.
Айдар Өрісбаев.