• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2020

Бір әннің тарихы: Жаса, Көкшетауым!

625 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласының әнұранына айналған «Жаса, Көкшетауым!» әні қала тұрғындарының көңілін асқақтатып, ерекше рух береді.

Ән сөзін жазған Көкше өңіріне танымал ақын, сал-серілік дәстүрді жалғастырушы Иран сал Тасқара. Әуені  сазгер Ерлан Ташевтікі. Қаланың шығармашыл зиялы қауымы төтенше жағдай кезінде көкшетаулықтарды қолдау мақсатында осы әнге бейнебаян түсіріп, халықты  сабырлыққа және бірлікке шақыруда. «Жаса, Көкшетауым» әні қалалық мәдениет бөлімінің сұрауы бойынша  1998 жылы жазылған.

– Өлең шумақтарын жарты сағаттың ішінде қағаз бетіне түсірген едім,– деп еске алады бүгінде Иран сал Тасқара.

Атасының туған жері Көкшетау өңіріне қоныс аударуы бұл өлең жолдарының көкіректен құйылып түсуіне себеп болған екен. Өлеңнің жып-жылы болып, жаныңды шуақтандыратын сәулесі аз емес. Әр сөздің астарындағы ой туған жердің қасиетін асқақтатып тұрғандай. Ал, сазгер Ерлан Ташев әр нотада  патриоттық сезім мен бірлікті, ынтымақтастықты жеткізуге тырысыпты. Әнді жобалап ойластырып, үлгілерін жасауға бір апта уақыт кеткен.  Соңында тәп-тәуір туынды дүниеге келді.

– Ол кезде жағдай қиын болатын. Қаланың облыс орталығы деген мәртебесі жоқ еді. Жарық жоқ, жолдар нашар, жұмыс көзі де тапшы. Кәсіпорындардың жұмысы іркілген. Сол кезде халықтың рухын қалай да көтеру керек болды. Махаббат туралы жазу оңай. Отанға деген махаббатты жеткізу қиын. Жергілікті әнші Бибігүл Ысқақова бұл әнді шырқағанда адамдардың көзіне жас келетін,–дейді сазгер Ерлан Ташев.

Елдегі жарияланған төтенше жағдай шығармашылықты онлайн форматқа ауыстырды. Бұл қиын кезеңде көкшетаулық аудармашы Бақыт Мұхамедрахимова «Жаса, Көкшетауым» әнін еске алып,  қала халқының рухын көтеру мақсатында өлеңді орыс тіліне аударып,  бейнебаян түсірілімін ұйымдастырды.

Ән әуені, мазмұны мен маңызы көңілге медеу, дәтке қуат.

 

Көкшетау қаласы