• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2013

ҚХР Төрағасы сөз еткен қазақстандық студент танымал болып шыға келді

361 рет
көрсетілді

Қазақстанда қыркүйектің 6-8-і аралығында мемлекеттік сапармен болған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин екі ел халықтары арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың бір үлгісі ретінде ауызға алып, мысалға келтірген Аспан асты елінде оқып жатқан қазақстандық студент Руслан Төленовтің (суретте) атағы мен даңқы бір ғана пәсте күллі әлемге жайылып, абыройы асқақтап шыға келді.

Қытай лидері біздің елімізде болған кезінде Хайнань университетінің 21 жасар қазақ студенті туралы өте тартымды да жүрекжарды әңгіме айтып берді. Оның айтуынша, өте сирек кездесетін қанның иесі Руслан оқу ордасында өте жақсы оқумен бірге, аралдағы науқас жандарды ажалдан арашалап қалу үшін ұдайы донор болып отырған.

Кейін анықтай келгенде, бұл жігіттің Атырау қаласының тумасы екені айғақ болды. Руслан осы мұнайлы астананың Авангард деген жеріндегі №30 орта мектепті бітіріпті. Мектептен кейін Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжіне оқуға түскен. Бірақ кейін Қытайға барып оқуға бел буады. Бұл талабы да орындалады. Ал Хайнань аралындағы университетке қабылданғаннан кейін Аспан асты елінде «панда қаны» деп аталатын теріс резус-факторлы өз қанын тапсырып донор бола бастаған.

«Хайнань университетіне оқуға түсу үшін Руслан екі жыл қытай тілін үйренді. Қазір ол сондағы «Бизнесті әкімшілендіру және басқару» бөлімінің 3-курсында оқиды. Көп уақыты мен күшін оқуға арнайды, - деп әңгімелейді Русланның анасы Фарида Ержанова қазір. – Оқудан басқа университетте баскетбол және волейбол ойнайды, сол жердегі КВН-ге ұқсас ойынға қатысады. Қытай БАҚ-тары Руслан туралы ҚХР Төрағасының сөзін жарыса таратқаннан кейін, оны Хайнань провинциясының Мәдениет және білім министрі өзінің қабылдауына шақырды. Ал университеттің ректоры оның құрметіне түскі ас ұйымдастырды. Оған университетте 1-курстан бастап оқығаны үшін төлеген ақшаларын қайтарып берілді. Диплом алғанша тегін оқу грантын бөліп, магистратура мен докторантура курстарын тегін оқуды ұсыныпты».

Міне, Қытай Төрағасының аузымен бүкіл әлемге қас-қағым сәтте аты танымал бола кеткен қазақстандық студенттің қазіргі ахуалы осындай.

Мұрат Айтқожа.

Соңғы жаңалықтар